Алматыдағы Арбатта ес-түссіз жатқан бір топ жасөспірімдер тұрғындарды шошытты (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 07:32
- 95

Алматының «Арбатында» ес-түссіз жатқан жасөспірімдер жұртты шошытты. Кәмелетке толмаған ұл-қыздар ішімдік ішіп, өздерін жайсыз сезінген екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Жасөспірімдер «Арбаттың» қақ ортасында басын көтере алмай отыр. Ұлдар тіпті жерде сұлап жатыр. Бұл жазбаны көрген жұрт жеткіншектер «есірткі қолданған» деп ойлапты. Ал полицейлердің мәліметінше, кәмелетке толмаған бес бала масаң күйде болған. Оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Осыдан соң жасөспірімдерге қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін, ал олардың заңды өкілдеріне ата-ана міндетін орындамағаны үшін шара қолданылды.
«Тексеріс жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдердің қалай алкоголь тұтынғаны, кіммен бірге болғаны және спирттік ішімдікті қайдан алғаны анықталуда. Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәртібі үшін бірінші кезекте ата-анасы жауапты екенін ескертеді», - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.