
Дина Таңсәрі мен оның күйеуі Черногориядан саяси баспана алуға екі жыл бұрын өтініш берген.
«НеМолчиKZ» қорының жетекшісі, қоғам белсендісі Динара Таңсәрі (Смаилова) мен оның күйеуі Алмат Мұхамеджанов Черногориядан саяси баспана алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Олар саяси баспана алуға екі жылға жуық уақыт бұрын өтініш берген. Бұл туралы «Азаматтық альянс» ұйымы мәлімдеді.
«Осылайша ұзаққа созылған және күрделі процедура аяқталды. Енді Динара Смаилова мен Алмат Мұхамеджанов өмірлерін қауіпсіз ортада – Черногорияда жалғастыра алады», – делінген ұйым мәлімдемесінде.
Айта кетсек, 2024 жылдың сәуірінде Смаилова Черногорияда Қазақстанның сұрауы бойынша ұсталған болатын. Оған алты қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Бірақ Подгорица соты белсендіні босатты.