“3 пәтер, 5 автокөлік сатып алған”: баласының еміне деп ақша жинаған ата-анаға қатысты тергеу аяқталды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:49
- 808

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті ұлының еміне қаражат жинап, оны басқа мақсатта жұмсады деген ерлі-зайыптыға қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ерлі-зайыпты науқас баласын видеоға түсіріп, Instagram және Facebook арқылы жазбалар жазып, таргет арқылы жарнама жасаған. Сөйтіп қазақстандықтардан 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда, баланың еміне оның тек 6,4 миллион теңгесін жұмсалған.
“Елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған. Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін жарнамаға бөлген. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген. Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңгеге ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы "ұшып бара жатқан" видеосын жариялап, ота сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған”, – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, олар сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, қылмыстық жолмен алынған активтерді жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда.