Баекенова: баланы білімге баулудың, қызықтырудың педагогикалық жолдары көп
- автор kyn.kz
- 30 шілде, 2025
- 117

Бүгінде ата-аналар балаларын қандай балабақшаға берсек екен деп көп ойланады. Өйткенді мемлекеттік балабақшаларда, әсіресе халқы көп қалаларда орын бола бермейді. Жекеменшіктер көрсететін қызметіне қарай бағасы да ұшып тұр. Ал соңғы кездері ерекше бала өсіріп отырғандар саны күрт көбейген. Ол балаларға ерекше күтім, ерекше жағдай, басқаша бағыт керек. Қызылордалық кәсіпкер өзінің жекеменшік балабақшасын ашқан.
Оның басқалардан айырмашылығы ерекше балаларды қарапайым балалармен бірге қабылдай отырып, олардың денсаулық жағдайына қарай ерекше күтім жасайды. Гүлбақыт Баекенованың сөзінше ерекше балаларды қоғамнан түбегейлі бөлуге болмайды. Ол өз тәжірибесінде табанды еңбектің арқасында мықты нәтижеге жеткенін алға тартты.
«Балабақша ол әр адамның үлкен өмірге, қоғамға, әлеумет пен білімге алғашқы қадамы. Сол қадамды нық, сенімді етіп үмітке толтыру ұстаздың қолында. Әр баланың жүрегін жібітіп, мінезіне қарай қарым-қатынас жасалса жаман бала, жаман адам болмайды. Біреу мақтағанды ұнатады, біреу тек нәтижеге баға бергеніңді қалайды, тағы бір бала айтқаныңды қағып алады, тағы бір балаға айтқанды он мәрте айтуың керек. Әр педагогтың алғашқы жұмысы тобындағы әр баланы зерттеу. Олардың мінез құлқы, қызығушылығы, әдеттерін анықтап, оған тәрбиені қандай жолмен беруді анықтайды. Білімге қызықтыру, жазуға, сызуға, әріп тануға баулудың ойын түріндегі әрекеттерін жоспарлайды. Біз алғыр бала, ерекше бала, жалқау бала, қырсық бала деп бөлмейміз. Барлығын алдымен адамгершілік, махаббат, сыйластық, қоғаммен саналы байланысқа баулыймыз. Ерекше балалар көп. Оларды керісінше өзгелермен араласуға, кемшілігін жасына сай дамытуға күш саламыз. Төрт жастан асқан, сөйлемейтін баламен логопед маманы тұрақты түрде жұмыс істеді. Жарты жылда ол өз қатарластары сияқты еркін, ұялмастан, анық сөйлейтін болды. Ата-анасы алғысын жаудырып, біз еңбегіміз нәтиже бергеніне төбеміз көкке жетті. Бұның барлығы педагог-психолог, логопед мамандарының үйлесімді жұмысының жемісі. Алдағы уақытта өз балабақшамда ерекше балаларды еш бөліп-жармастан, қабылдай берем деп ойлаймын. Осындай нәтиже шығып жатса, бұл үлкен жетістік деп білемін»,-дейді Баекенова.
Балабақша тәрбиешісі балаға алғаш қалам ұстататын ұлы тұлға. Бұлақтың көзін ашатын, балаға білім сәулесін түсіретін алғашқы «жарық». Ең сотқар, бұзық балалардың өзін ақылға тоқтатып, мәдениетке иетін психолог, педагог мамандары. Жеке балабақша иесі Гүлбақыт Баекенова «қалам ұстамаймын» деп еркеліктен шыға қоймаған ойын балаларын оқытудың, сабаққа қызықтырудың жолдарын айтты.
«Әрине балабақша сәбилік өмірмен қоштасу десек те болады. Адам өміріндегі алғашқы қоғаммен байланыс уақыты басталатын кезең. Бала тек «оқымаймын» емес «тамақ жемеймін» деп келетін кездер болады. Оның барлығы үйреншікті жайт. Алдымен баланы мамандар көріп, сөйлесіп, жүріс-тұрысына, айналасына айтқан сөзіне қарап зерттеп, сосын онымен байланысады. Жұмыс ойын түрінде басталады. Баланың қызығушылығына қарай ойысамыз. Апай баурап алғаннан кейін балалар екінші анасындай оларды жақсы көреді. Артынша бауыр басып, туғанындай оның қас-қабағына қарай әрекет етеді. Оның өзі мәдениет, сезімінің оянғаны. Мақтау күткенге мақтау айтамыз, өнерлінің әрекетін паш етіп, жарыққа шығарамыз. Әр жаттаған тақпағына отбасы, достары болып қошемет көрсетеміз. Баланың ізденісі солай уақытымен жолға түсіп кетеді»,-дейді маман.