Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Жасырын ота жасаған": Бақанастағы арнайы орталықта ақыл-есінде ауытқуы бар 18 жастағы қыздың тоқ ішегі жыртылған

"Жасырын ота жасаған": Бақанастағы арнайы орталықта ақыл-есінде ауытқуы бар 18 жастағы қыздың тоқ ішегі жыртылған
коллаж kyn.kz
Заңгер Көпбаев: мекеме басшылығы таныс дәрігерді шақырып, жабық мекемеде ота жасатқан.

Алматы облысына қарасты Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан шу шықты. KYN.KZ  редакциясына келіп түскен ақпарат бойынша 18 жастағы қыздың тоқ ішегі жарақаттанып, мекеме басшылығы мен сондағы дәрігерлер жағдайды жылы жаппақ болды делінген. Өйткені жағдай орын алған кезде сырттан жедел-жәрдем шақыртылмаған, полицияға хабар берілмеген. Жабық мекеме қызметкерлері таныс хирургты шақырып, ақыл-есінде кемістігі бар бірінші топ мүгедегіне өздері алғашқы көмек көрсетіпті. Алғашқы көмек дегеніміз, бойжеткеннің тоқ ішегі жыртылған, шақырылған хирург үш іліп тіккен.

Бұл жағдай бойынша қыздың анасы арыз – шағым түсіріпті. Онда қызымның денсаулығына мекеме қызметкерлері салғырт қарады. Полиция шақырмады, мені хабардар етпеді. Сол үшін мекеме директоры мен аға мейірбеке жауапқа тартылсын деген.

KYN.KZ  тілшісі зәбір көрді деген қыздың анасына хабарласты. Өзінің және қызының аты жөнін атамауымызды талап еткен әйел қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

«Мен жұмыстамын. Мазамды алмаңыздар. Бұл іс бойынша ешкіммен сөйлескім келмейді. Мазаламаңыздар!»,-дегенді айтты.

Осы жағдайдан кейін Алматы облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып заңгер Көпбаев Думаннан осы мәселе жөнінде «қандай жұмыстар атқарылды?, қандай жағдай орын алды? Деген сұраққа жауап алдық.

«Шамамен үш ай бұрын бізге Семенова Сандуғаш деген кісінің атынан арыз түсті. Онда директор қоластындағыларға заңсыз әрекет жасап жатыр деген уәж айтылған. Біз 12 адамнан топ құрып тексеріс жүргіздік. Оның ішінде есепші, заңгер, кадыр бөлімі дегендей барлық жауаптылар жиналып Бақанасқа бардық. Толық тексеру жүргіздік. Біраз былық анықталды. 2024 жылы жазда ақыл-есінде ауытқуы бар қызға қатысты зәбірлеу әрекеті жайлы бір мейірбике айтты. Басқалар директордан барлығы қорқады. Сол бір кісі бізге осындай ақпарат берді. Ол жерде 18 жастағы қызды өзі сияқты ақыл-есінде кемістігі бар тағы бір қызмет алушы саусағын қыздың тоқ ішегіне тығып, айырып жіберген. Аға мейірбике Нұргүл Үсенқызы Бақанастағы аурухана хирургын шақырып сол жерде, ота жасатқан. Ол қыздың тоқ ішегін үш іліп тіккен. Ол хирургтан түсінік алдым. Олар жедел жәрдемді шақырмастан хирургты шақырып, отаны сол жабық мекеме ішінде жасатқан. Үн-түнсіз ешкімге хабарламай жылы жапқан. Заң бойынша олар 103,102, бізге хабарласулары керек еді. Тағы бір, күдік тудыратын жағдай мекеме қызметкерлері біз қойған камералардың түсірген видеосын өшіріп тастаған. Ол жерде 3-4 айдың видеосы жоқ. Содан біз Абдрахманова Ләззатты директорлықтан босаттық. Орнына Нұржан Нұрбайұлын қойдық. Бірақ, сол күні қыздың тоқ ішегі жыртылған кезде жұмыс істеген Нұргүл Үсенқызы әлі жұмыста. Енді біз осы жағдай бойынша қылмыстық іс ашылғанын қалаймыз. Алдын ала тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалған, соның нәтижесін күтіп отырмыз. Бақанас ІІБ медбикеге қатысты қызметтік міндетін дұрыс атқармау бабы бойынша іс қозғаған»,-дейді Көпбаев Думан Алматы облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының заңгері.

Ал мекеменің бұрынғы директоры өзіне тағылған айыптармен мүлде келіспейтінін жеткізді.

«Мені жұмыстан шығарғандарына, таққан айыптарымен мүлде келіспеймін. Мені осы орталыққа әкелген кезде қамқорлық орталығында ешқандай жағдай жоқ еді.  Сол орталықты дамытып, барлық керекке рұқсат алу үшін бар күшімді салдым. Үш құдық салдым. Өз мейірімімді, ақшамды, уақытым мен күш-жігерімді салдым. 18 жастағы қыздың жарақат алған сәтінде мен жұмыста болмадым. Кейіннен маған болған жағдайды айтқанда бәрін тексеріп көрдім. Оның өміріне қауіп төнетін дүние жоқ болды. Содан, ешкім ол қызды дәрігерге апармадық. Ал Сандуғаш деген бізде кір жуушы болып істеген қыздың арызы жалған, дәлелі жоқ.  Оны мен біреулер жазғызды деп ойлаймын. Ал, видео камераларға келер болсақ, оқиға орын алған кезде камералар әлі қойылмаған еді. Мен өзім сол камераларды бірнеше рет өтініш жаздым. Бірақ ақша бөлінбеді. Ақыр соңы, үнемделген ақшадан өзіміз қойдырдық. Сондықтан маған тұтас жала жауылып жатыр деп ойлаймын. Өйткені менің сіңірген еңбегім де көп, тәжірибем де мол, адалдығымды менімен істеген әріптестерімнің барлығы біледі. Есік қаласында дәл осындай мекемеде қызмет алушыны қызметкерлер ұрған. Неге соны зерттеп, тексеріп сау адам денсаулығы жоқ, мүмкіндігі шектеулі жанды ұрғанын анықтап, жазаламайды.»,-деді Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бұрынғы директоры Ләззат  Абдрахманова.

18 жастағы қыздың тоқ ішегі жарақаттанған кезде  Нұргүл Үсенқызы жұмыста болған. Ол не үшін жедел жәрдем шақырмағанын айтып өтті.

«Мен тура сол оқиға болған кезде басқа бөлімді аралап жүрген едім. Шақырғаннан кейін келіп қарадым. Ия жедел-жәрдем шақырмадым. Өйткені, ақыл-есі кем адамдарға ауруханада шоши қарайды бізде Бақанаста. Содан бірден өзім хирургке хабарласып шақырдым. Ол кісі келіп үш іліп тігіп, қарауымдағы адамның жағдайы жақсы екенін айтты. Сізге айтар болсам, бізде барлық қызмет алушылардың денсаулығы жоқ. 18 жастан 85 жасқа дейінгі науқастар. Ал 18 жастағы қыздың тоқ ішегіне қолын тыққан адам бір орнында тұра алмайтын жылдам, әрі сондай бұзықтыққа әуес адам. Тіпті бір жиында басшы әйелдің етегін көтеріп, қолын салып алған кезі болды. Қызмет алушылардың көбінде ақыл-ой жоқ, бірақ жыныстық тұрғыда дамып кеткен. Қарындары тоқ, киімдері бүтін, ойлайтындары жыныстық байланыс. Сол себепті біз бір минут қараусыз қалдырмаймыз оларды. Мекеме қызметкерлері зәбір көрсетсе түсінемін. Бұл жерде қызмет алушылар ғой. Біз барынша алғашқы көмекті көрсеттік. Мені қазір жұмыстан шығарғылары келетіндер бар. Бірақ мен зейнеттегі адаммын. Осынша еңбегімді ескерсе екен, абыроймен, өз еркіммен шығып кетсем деймін»,-деді  Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аға мейірбикесі.

Алдағы уақытта осы даулы әрі шулы жағдай бойынша сот отырысы өтеді. 18 жастағы қыздың алған жарақаты бойынша сот медициналық сараптама қорытындысы шығады. KYN.KZ редакциясы оқиғаның қалай өрбитінін алдағы уақытта бақылауда ұстайды.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар