Құмар ойындары нарығының ашықтығы – Қазақстанда Бірыңғай есепке алу жүйесі енгізіліп жатыр
- автор kyn.kz
- 5 тамыз, 2025
- 85

Өндіріс, инфрақұрылым немесе логистикаға инвестиция салуды қажет ететін дәстүрлі бизнестен басты айырмашылығы – сол букмекерлік кеңселерге ештеңе қажет емес. Сайт пен аудитория болса жеткілікті, орасан зор ақша табуға болады. Мұның бәрі нарықты тез жаулауға әрі кеңеюге мүмкіндік береді.
Табысы жоғары букмекерлік компаниялардың әлеуметтік бағдарламаларға қосатын үлесіне қарағанда зияны көп. Спорт пен білімге құйылып жатқан инвестицияны алға тартатындар оңбай қателеседі. Іс жүзінде бәрі әлдеқайда күрделі һәм алаңдатарлық.
Букмекерлердің заңнамаға оңай бейімделгенімен қоймай, көп жағдайда оны шебер айналып өтеді. Кейбірі жасырын жұмыс істегенді жөн көреді, қаржылық схемасы көзге көрінбейді, яғни «көлеңкеде» қалады. Көз жауын алатын сайт пен жарнамасының артында мұқият жасырынған тор жатыр. Жалған заңды тұлға мен меншік иелері, оффшорлық шоттар... Мұның барлығы бір мақсатқа ғана қызмет етеді – соңғы бенефициарды жасыру, салық аударымын азайту және заңды жауапкершіліктен жалтару.
Операцияларды ұсақтаудың күрделі тетіктері – мінсіз жалтарудың жүйесі. Пайда азайтылып, шығын көбейтіліп көрсетіледі, ал бюджет өзінің заңды түсімін алмайды. Мұнда кездейсоқ дүние емес, қасақана мемлекетті миллиардтаған теңгеден айыру мәселесі жатыр.
Мұндай жағдайда мемлекет шетте қала алмайды. «Тазалық пен ашықтық» үшін күресте жаңа шешімдердің қажет екені анық. Бұл ретте енгізіліп жатқан «Бірыңғай есепке алу жүйесінің» орны ерекше. Жүйе жоғарыда аталған алаяқтықтың жолын кесуге арналады. Платформаның арқасында әрбір транзакция тіркеледі, әрбір теңге мен тиын көрінетін болады.
Ел мен мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған бастамаға қарсы букмекерлердің ашық ақпараттық соғысқа шыққанын байқауға болады. Түсінікті тілмен айтқанда ақпараттық қысымға көшіп, қоғамдық пікірге манипуляцияны бастап кетті.
Мемлекет букмекерлік қызметті жүргізу үшін заңды және ашық платформа құра отырып, құмар ойындар саласындағы реттеушінің рөлін өзіне алады. Бұл шешім сыбайлас жемқорлық пен әлеуметтік деструкция ошағына айналған салаға тәртіп орнату қажеттілігінен туындап отыр.