Семей қаласындағы Абайдың 180 жылдығына арналған концертті 50 мың адам тамашалады
- автор kyn.kz
- 11 тамыз, 2025
- 32

Ұлы ақынның 180 жылдығына орай Орталық алаңда өткен «Құлақтан кіріп, бойды алар…» атты мерейтойлық гала-концерт ұлы ойшылдың рухани мұрасын қастерлеп, ұлттық өнер мен заманауи сахнаны тоғыстырған қорытынды мәдени кеш болды. Оны 50 мыңға жуық көрермен тамашалады.
Сахна төрінде республикаға кеңінен танымал эстрада жұлдыздары — «Ұлытау» тобы, Әбдіжаппар Әлқожа, ӘМРЕ, Жанар Дұғалова, Жұбаныш Жексенұлы, Медет пен Клара, Мирас пен Құралай өнер көрсетті. Кеш барысында мерекелік отшашу ұйымдастырылып, Орталық алаңда мерейлі мерекенің шырайы асырылды.
Әрбір әнші өз репертуарындағы сүйікті әндерін орындап қана қоймай, Абайдың мәңгілік мұрасына айналған әсем әндерін халықпен бірге шырқап, алаңды бір дауысты унисонға толтырды.
Бұл кеш – Абай шығармашылығына деген құрметтің, ел бірлігінің және ұлттық өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болды. Жиналған жұрт рухани әсерге бөленіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.