Биыл Қазақстанда 83 жыл бұрынғы температура рекорды жаңарды
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 тамыз, 2025
- 61

2025 жылдың шілде айында Қазақстанның көптеген өңірлерінде аномальды ыстық тіркеліп, ондаған жылдар бойы сақталған рекордтарды көрсеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәселен, 4 шілдеде Түркістанда температура +44,9 градусқа жетіп, 1942 жылғы абсолютті максимумды (+44,2 градус) жаңартты. Бұл рекорд 83 жыл бойы сақталып келген еді. 3 шілдеде Шымкентте ауа температурасы +40,6 градусқа көтеріліп, 1978 жылғы рекордты (+40,0 градус) жаңартты. Ай бойы бұл қалада 2021 және 2001 жылдардағы рекордтар бірнеше рет жаңаланды.
Алматыда 5 шілдеде +39,0 градус тіркеліп, бұл 1968 жылғы рекордтан 1,8 градусқа жоғары болды. Ақтауда 13 шілдеде +41,1 градус көрсеткіші тіркеліп, 1995 жылғы рекордтан асты. Жезқазған, Қызылорда, Балқаш, Өскемен және басқа да қалаларда да бірнеше жылдық және одан да ұзақ мерзімдік рекордтар жаңарды.
Астанада шілде айындағы орташа температура +21,9 градус болды, бұл қалыпты мөлшерден 1,3 градусқа жоғары, ал жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан аз түсті.
Метеорологтардың айтуынша, ыстықтың басым бөлігі ел аумағында жауын-шашынның тапшылығымен қатар жүріп, қуаңшылықты күшейтті. Сонымен қатар, батыс-солтүстік облыстарда және Жамбыл облысының оңтүстік-батысы, шығысы мен орталығының жекелеген аудандарында әдеттегіден көп жауын-шашын түсті.