Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Абай облысында балаларды басып кеткен жүргізуші эпилепсия диагнозына байланысты куәлігінен айырылды

Абай облысында балаларды басып кеткен жүргізуші эпилепсия диагнозына байланысты куәлігінен айырылды
Сурет: kolesa.kz
Үржарда жүргізуші аулада ойнап жүрген алты баланы қағып кетті: оның үшеуі мерт болды.

Абай облысында бір топ баланы қағып кеткен көлік жүргізушісі жол апатынан кейін эпилепсия диагнозына байланысты жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап. 

19 тамыз күні Абай облысындағы Бестерек ауылында Toyota Camry көлігінің жүргізушісі алты баланы қағып кетіп, олардың үшеуі қаза тауып, үшеуі жансақтау бөліміне түскен еді. 

Жол апатынан кейін БАҚ-та көліктің рөлінде 55 жастағы жергілікті тұрғын болғаны, жүргізушінің тегі Аңсабаев екені туралы ақпарат пайда болды. 

Абай облыстық полиция департаменті тергеу әрекеттерінің жүргізіліп жатқанын, қажетті сараптамалар тағайындалғанын хабарлап, тергеу мүддесіне байланысты күдіктінің аты-жөні жарияланбайтынын атап өткен. 

Алайда бүгін, 21 тамыз күні, Toyota Camry жүргізушісінің ұлы Ерқанат Серікұлы әкесінің жол апаты кезінде жүрек талмасына ұшырағанын мәлімдеді. Ал әлеуметтік желілерде жүргізушінің "эпилепсия" диагнозы бар деген жазбалар тараған.

Сондай-ақ жол апатынан бір күннен кейін, 20 тамызда Үржар аудандық сотына Серік Аңсабаев есімді адамға қатысты іс түскен, оған "эпилепсия" диагнозына байланысты жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім қабылданған. 

Үржар аудандық прокуратурасы 2025 жылдың 16 сәуірінде 62 жергілікті тұрғынды көлік жүргізу құқығынан айыру туралы талап арызды сотқа тапсырған. Олар психиатр және нарколог дәрігерлердің есебінде тіркелгендіктен, көлік жүргізулеріне тыйым салынған. Олардың арасында Серік Аңсабаев есімді азамат та бар. 

Серік Аңсабаев 2013 жылдың 9 маусымынан бастап невролог дәрігердің бақылауындағы "Д" диспансерлік есепте тіркелген, диагнозы – "эпилепсия". Алайда, іс материалдарына сүйенсек, оған 2020 жылдың 8 шілдесінде B, B1, C, C1, D, D1, BE, C1E, CE, D1E, DE категориялары бойынша көлік жүргізу құқығы берілген көрінеді.

Бірнеше баланың өліміне әкелген жол апатынан кейін ғана Аңсабаевқа қатысты жүргізуші куәлігінен айыру туралы іс сотқа түскен. Бұл іс азаматтық кодекстің 918-бабының 1-бөліміне сәйкес болашақта зиян келтіру қаупі бар деген негізде қаралыпты.

"Сот анықтағандай, жауапкер Аңсабаев 2013 жылдың 9 маусымынан бастап невролог дәрігердің "Д" диспансерлік есебінде тіркелген, диагнозы – "эпилепсия" (G40.3). Осыған байланысты 2020 жылдың 8 шілдесінде берілген FT№036834 сериялы жүргізуші куәлігі жойылсын", – делінген іс материалдарында. 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар