«Қашан келеді деп күніге жолына қараймын»: Түркістан облысында мал айдауға кеткен 38 жастағы ер адам жоғалып кетті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:20
- 67

Түркістан облысында қой айдауға кеткен 38 жастағы Мақсат Атабаев іс-түссіз жоғалып кетті. Табылмай жатқанына бір ай уақыт болған азаматтың анасы ұлын бәз біреулер құлдықта ұстап отыр деп күдіктенеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
25 күннен бері ұлын телміре күткен Ұлжан Жәнібекованың айтуынша, баласы Жетісайдан Шардараға қой айдауға кеттім деп сол күйі үйге оралмаған.
“Көлікке мінген. Ол үйге қайтамын деген. Үйге қайтпай біреу алып кетті-ау соны. Сонымен әлі жоқ. Әкеліп салса сүйіншісі бар ғой. Бар үмітім сол менің. Қашан келеді, қашан келеді деп күніге жолына қарап, түнде терезе тықыр етсе, балам келіп қалды ма деп елеңдеймін”, – дейді Ұлжан Жәнібекова.
Мақсат үйленбеген, анасымен бірге тұрады. Ол осы уақытқа дейін әркімге бір жалданып, жұмыс істеген. Жақындарының айтуынша, азаматтың кез келген қара жұмысқа икемі бар. Содан болар біреулер құлдықта ұстап отыр деп күдіктенеді. Бұған Мақсаттың досының қатысы бар деп те ойлайды.
“Менің інім қой айдауға көмектесуге шыққан қасындағы досына. Екі күн далада түнейді ғой олар. Үшінші күні менің інім қырықжылдыққа бармаймын деп Датқа ауылда қалады ғой. Қалтасына ақша да салмай жіберген олар. Мүмкін оны таныстары ана жігітті алып кете салыңдар деп біреуге жол сілтеп жібере салуы мүмкін да. Мүмкін ол басқа машинаға мініп кетуі мүмкін. Не де болса, құлдыққа кетіп тұр ғой”, – дейді Мақсаттың әпкесі Айжан Атабаева.
Жақындары азаматты жер-көктен іздеген.
“Барлық жерді көрдік біз. Бөлімше, көлікжай. Қай жерде тастанды ғимарат бар. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Ешкім хабарласпайды. Полиция бірінші кезде үйді барып көрді. Одан кейін оларды көрмедік”, – дейді азаматтың туысы.
Полиция өз кезегінде іздестіру жұмыстары тоқтамағанын және бұл істің өз бақылауында екенін жеткізді.