«Мешітте азан шақырады»: Түркістан облысының бас имамы әкесін ұрып-соққан ер адам туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 07:20
- 67

Әкесін аяусыз ұрып-соққан ер адамға қатысты Түркістан облысының бас имамы пікір білдірді. Бұған дейін күдіктінің мешітте қызмет ететіні туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өңірдің бас имамы Ержан Төлепов жазбасын Facebook парақшасында жариялады.
«Ресми түрде мәлімдейміз: Аталған азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкері емес. Ол мешітте ешқашан азан айтпаған және ресми діни қызмет атқармаған. Оның қызметі дін саласына қатысы жоқ, қосымша той жүргізуші (тамада).
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерді қатаң айыптайды. Сонымен бірге, ата-анаға құрмет — әрбір мұсылманның басты міндеті екенін қалың жұртшылықтың есіне салады», — делінген хабарламада.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде ер адамның егде жастағы әкесін ұрсып, ұрып жатқаны туралы видео тарап кеткен болатын. Кейін аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.