Түркістан облысында ұлы өз әкесін соққыға жықты: ер адамның әйелінің де үстінен іс қозғалды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:12
- 43

Түркістан облысында қарт әкесін ұрып-соғып, өліміне себепкер болған ер адамның әйеліне қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Tengrinews.kz тілшісіне полиция хабарлағандай, қарияның қазасынан кейін ұлына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіру» дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, ұлының әйелі туралы да тергеу жүргізілуде. Қылмыстық іс ҚР ҚК 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша – «Көрінеу дәрменсіз күйде не материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты ұрып-соғу» дерегімен қозғалды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен бірге, тергеу барысында арызда келтірілген барлық уәждер тексеріліп, аяқталған соң қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді Түркістан облысы ПД-де.
Сондай-ақ полиция өкілдері атап өткендей, зейнеткердің туыстары тарапынан жасалған қол жұмсау қайғылы жағдайға әкелмей тұрып, жәбірленушіден немесе өзге тұлғалардан зорлық-зомбылық деректері бойынша полицияға арыз-шағым түспеген.