Атырауда әйел 3 жасар қыздың үстінен полицияға арыз жазды
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 қыркүйек, 2025
- 266
Атырауда әйел үш жасар қызға қатысты полицияға арыз түсірген. Оған балалардың арасындағы түсініспеушілік себеп болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы 3 жасар қыздың анасы Threads әлеуметтік желісінде жазды.
"Менің қызым дәмханадан ойыншық шаңсорғыш алды. Оны ересек қыз тартып алуға тырысып, анасы маған «Қызыңызға әдепті болуға үйретіңіз» деп айқайлады. Балалар 10 минуттан кейін дос болып ойнап кеткен еді. Бірақ әйел менің 3 жасар қызымның үстінен арыз жазды. Тіпті өзінің бес жасар қызынан көпшілік алдында кешірім сұрауын талап етті. Далбаса! Біздің әйелдер қашан бақытты өмір сүреді? ", - деді бүлдіршіннің анасы.
Атырау полиция департаменті балаға қатысты шағым түскенін хабарлады.
"Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, баланың ата-анасымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді. Оларға үш жасқа толмаған балаға қатысты өтініш қабылданбайтынын түсіндірді. Осыған байланысты азаматтың өтініші заң талаптарына сәйкес қараусыз қалдырылды ", - деді полиция.




