Хайуанаттар саябағында арыстандар 58 жастағы ер адамды талап тастады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:06
- 48

Тайландта Бангкоктағы Safari World хайуанаттар бағында ер адамды арыстандар талап тастады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Bangkok Post-қа сілтеме жасап.
Оқиға 10 қыркүйек күні таңертең хайуанаттар паркінің табиғи аймағында болған. 58 жастағы Джан Рангхарасами көліктен шыққанда арт жағынан келген арыстан шабуыл жасаған. Оған жабайы мысықтар да қосылған. Ер адамды жануарлар шамамен 15 минут талаған.
Марқұмның әріптесі Пханом Ситсенг келіп, оларды қуып, жедел жәрдем шақырады. Зардап шегуші ауыр күйде ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлер оны құтқара алмады.
Жабайы табиғатты қорғау департаментінің өкілі оқиға арыстандарды тамақтандыру кезінде болғанын мәлімдеді.
"Олардың біреуінің көңіл-күйі нашар болған сияқты және шабуылды дәл сол бастаған", - деп болжады шенеунік.
Рангхарасамидің әйелінің айтуынша, хайуанаттар паркінде 20 жылға жуық жұмыс істеген күйеуіне жануарлар мүлдем шабуыл жасамаған. Өйткені ол ережелерді жақсы ұстанған. Safari World әкімшілігі Рангхарасами отбасына қамқорлық жасауға уәде берді.