Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Оның жүкті екенін білсем, өлтірмес едім»: Атырауда әйелді зорлап, өлтіріп кеткен ер адам сотта соңғы сөзін айтты

«Оның жүкті екенін білсем, өлтірмес едім»: Атырауда әйелді зорлап, өлтіріп кеткен ер адам сотта соңғы сөзін айтты
Сурет: azh.kz
Атырауда NCOC мұнай компаниясы бөлімінің 46 жастағы бастығын өлтіріпк еткен ер адам өмір бойына сотталды.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты NCOC мұнай компаниясы бөлімінің бастығы – 46 жастағы Бибігүл Шпанованы өлтірген ер адамға үкім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сот процесі жабық режимде өтті.

Сот деректеріне сүйенсек, айыпталушының кінәсі куәгерлердің, жәбірленушілердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен және заттай дәлелдермен дәлелденді.

Айыпталушы қылмыс жасағанын мойындады.

«Сот отырысында айыпталушы: “Егер оның жүкті екенін білгенімде, өлтірмес едім”, – деді. Алайда ешкімнің өмірін қиюға құқығы жоқ, жүкті екенін білсе де, білмесе де. Ол ана атануға дайындалып жүрген әйелдің өмірін қиды. Сондықтан бұл қылмыс – екі адамның өлімі», – деп атап өтті судья Зарема Хамидуллина.

«Ақ Жайық» хабарлағандай, судья сөз сөйлеу барысында айыпталушы марқұмның туыстарынан кешірім сұрағанымен, жасаған ісіне шын өкініш немесе шынайы қынжылыс білдірмегенін атап өтті.

Арман Жетпісов ерекше режимдегі түзету мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

«Сот айыпталушыға жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды анықтамады, ал қылмысты алкогольдік мас күйінде жасағанын ауырлататын жағдай деп таныды. Айыпталушы айыптаудың барлық эпизодтары бойынша кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот хабарламасында.

Айыпталушыға алаяқтық, зорлау, ұрлық, автокөлікті айдап кету және жүкті, әлсіз жағдайда болған әйелді аса қатыгездікпен өлтіру (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі, 120-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы, 99-бабы 2-бөлігінің 4, 5, 10-тармақтары, 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 200-бабы 1-бөлігі) қылмыстары бойынша айып тағылды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар