Қазақстанда енді атаулы әлеуметтік көмек алатындарды жасанды интеллект анықтайды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:35
- 28

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарды өз бетінше анықтайтын жасанды интеллект іске қосылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде жасанды интеллект технологияларын қолдануды жоспарлап отыр.
"Бүгінгі таңда біз жасанды интеллектті Random Forest Classifier моделінің көмегімен "оқытып" жатырмыз. Осылайша, енді АӘК алуға құқығы бар адамдар автоматты түрде анықталады.
Қазіргі уақытта модель кешенді валидациядан өтті, дәлдік деңгейі 90 пайыздан асты, бұл оның дайын екенін көрсетеді", - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин.
Алдағы уақытта бұл технология атаулы әлеуметтік көмек алуға берілген жаңа өтінімдерді қарау үшін пилоттық режимде іске қосылады. Пилоттық кезең барысында ЖИ моделінің шешімдеріне қатысты статистика жиналады.
Айта кету керек, жобаның алғашқы кезеңінде ЖИ қабылдаған шешімдер жергілікті атқарушы органдар үшін тек ұсыныс сипатында болады. Кейіннен оларды шешім қабылдаудың өлшемшарттарының бірі ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.
Жобаның екінші кезеңі "компьютерлік көру" технологиясын қолдану арқылы модельдің мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Бұл кезеңде өтінімдер шеңберінде ұсынылатын фото және бейнематериалдар сияқты визуалды деректерді талдау қарастырылған. Бұл тек мәтін түріндегі ақпаратты ғана емес, сонымен қатар отбасының әл-ауқат деңгейі мен тұрмысын неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік беретін визуалды белгілерді де ескеруге жол ашады. Жаңа деректер модельді қосымша оқыту үшін пайдаланылады, бұл шешімдердің дәлдігін арттыруға бағытталған.
Жобаның үшінші кезеңі жан-жақты талдау негізінде отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығаруға бағытталған егжей-тегжейлі жоспарды ұсынуды көздейді. Бұл жоспар өңірлік, аудандық және нақты отбасы деңгейінде әзірленеді.