142 894 теңге: Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:45
- 35

Қазақстандағы орташа зейнетақының мөлшері белгілі болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 804,4 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 907,4 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 триллион 897 миллиард теңге қарастырылған.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 миллион 503 мың адам.
"2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 142 894 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 326 теңге, базалық зейнетақы – 47 568 теңге", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға, яғни инфляция деңгейінен 2 пайызға оза отырып ұлғайтылған.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары – 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.