«Ерте бұзылып кетпейтін азық-түліктер қолданылады»: жаңа оқу жылында оқушылардың ас мәзіріне қандай өзгеріс енгізілді?
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:01
- 36

Биыл Қазақстанның барлық мектебіне тамақтанудың жаңа жүйесі енгізілді. Ас мәзірін бұрын-соңды Білім басқармалары әзірлесе, қазір Денсаулық сақтау басқармалары тағамтану институттарымен бірлесе жасап шыққан. Онда калориялық мөлшерден бастап, оқушылардың жас ерекшеліктеріне дейін барлық қажеттілік ескеріліпті. Сондай-ақ қант диабеті мен аллергиясы бар балалар да назардан тыс қалмаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Жаңа ас мәзірінде, ең алдымен, балалардың денсаулығына ден қойылған. Ал жас ағза үшін пайдалы әрі сіңімді тамақтану өте маңызды. Сондықтан түскі асқа қосылатын қант пен май, тұздың мөлшері азайтылған. Сондай-ақ мәзірден шұжық, ысталған өнімдер мен тәтті шырындар, қоспалары бар тағамдар алынып тасталыпты. Олардың орнына көкөністер, жемістер мен табиғи азық-түліктер беріле бастаған. Мамандар мұндай өзгерісті енгізуге мектептердегі улану жағдайларының жиілеп кетуі себеп болғанын айтады.
"Улану жағдайларының алдын алу мақсатында бұл бастаманы мықтап қолға алдық. Білім ордаларында тағамды жалға алушылар жасайды. Олардың барлығына ортақ талап қойылуға тиіс. Аспаздар санитарлық нормалар мен ережелерді сақтауы керек. Бұл ретте жаңа мәзірдің тиімділігін де айта кеткен жөн. Онда барлық өнім табиғи, балғын, ерте бұзылып кетпейтін азық-түліктер қолданылады", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Бағжанар Мұхамадиева.
Мамандар тағамдағы рационнан бөлек, оның жасалу процесі, сапасы да бақылауда дейді. Бұл мақсатта әр мектепте арнайы комиссия құрылыпты. Оның құрамына мектеп әкімшілігінің өкілі, медицина қызметкері, өндіріс меңгерушісі мен ата-аналар кіреді. Барлығы бірлесе отырып, астың дұрыс әзірленуін, қандай температурада пісірілгенін, жарамдылық мерзімін қадағалайды.
Бұдан бөлек, айына бір рет тамақтың қаншалықты желінбей қалғаны есептеледі. Бұл индекс – балалардың қандай асты ұнататынын, қандай тағамның қоқысқа кететінін көрсетеді екен.
"Былтыр Тамақтану академиясымен келіссөздер жүргізілді. Олар ұсынған ас мәзірі балалардың көңілінен шықпады. Бұдан бөлек, ақша мәселесінің бар екені жасырын емес. Азық-түліктердің, жеміс-жидектердің бағасы әр өңірде әртүрлі. Алайда ортақ бір шешімге келіп, жаңа мәзір жасадық. Қазір балалардың жаңашылдықты қалай қабылдағанын бақылаймыз. Артық-кем тұстары болса, қысқы мәзір даярлағанда барлығын ескереміз", - деді Қоғамдық кеңестің президиум мүшесі Рафаэль Гасанов.
Тексеріс басталғалы жалға алушылар тарапынан бірқатар олқылық анықталып, олардың кейбірімен келісімшарт бұзылыпты. Бақылаудан бөлек, түсіндірме жұмыстары да белсенді жүріп жатыр екен. Ал асханасы жоқ кішігірім мектептерде оқушылар тамақтанатын арнайы орындар дайындалған. Балалар сол жерде өзімен алып келген асын ішеді, қосымша пайдалы өнімдер беріледі.