Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Жеңілгеніміз өкінішті»: «Қайрат» бапкері «Реалдан» жеңілгеніне қатысты пікір білдірді

«Жеңілгеніміз өкінішті»: «Қайрат» бапкері «Реалдан» жеңілгеніне қатысты пікір білдірді
Сурет: fckairat.com
Бапкер жеңіліс тапқан "Қайрат" командасы туралы айтты.

Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин баспасөз мәслихаты кезінде командасының жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Уразбахтин "Реалдың" деңгейі әлдеқайда жоғары екенін мойындады. Десе де өз командасының ойыншылары да қайсарлық танытып, испаниялық клубқа тойтарыс бере алғанын жеткізді.

"Бұл жерде айтатын ештене жоқ. Біз әр түрлі салмақта екенімізді мойындауымыз керек. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жоғары деңгейдегі қарсыласқа тойтарыс бере алдық. Жеңілген кімге болса да ұнамайтыны анық. Бірақ бұл біздің деңгей. Соны қабылдау керек. Жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады, тырысты. Кемінде бір гол соғуға лайық едік. Өкінішке қарай, гол соға алмадық.

Ойыншыларыма алғыс білдіремін. Олар барынша тырысты. Оған қоса қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Стадион лық толы болды. "Реалды" бекер әкелмеген шығармыз деген ойдамын. Жанкүйерлер мен көрермендер жоғары деңгейдегі футболшылардың ойынын тамашалай алды. Неғұрлым осындай көп команда алып келсек, бұл Қазақстан үшін керемет нәтиже болар еді", - деді "Қайрат" бапкері.

Рафаэль Уразбахтин жеңілістің себебін айтып, қос команданың құрамын салыстырды.

"Шындыққа тіке қарауымыз керек. Олардың құрамының құны - 1,4 млрд [евро]. Олардың бір футболшысы біздің чемпионаттан да қымбат тұрады. Оны жақсы түсінеміз. Қазақстандық клубтардың мақсаты - еврокубоктар кезеңіне өтіп, осындай қарсыластарды елге әкелу. Бұл біздің футбол үшін де, еліміз үшін де ұтымды болар еді. Осындай деңгейдегі қарсыластарды қабылдауға ұялмайтындай жақсы стадиондар салып бастайтын шығар.

Клуб басшылығы, бапкерлік құрам, ойыншылар да қазір қандай деңгейге жетіп тұрғанымызды жақсы түсінеміз. Жеңілгеніміз өкінішті, әрине. Бірақ Мбаппені қалай қуып жетуге болады? Ол Винисиус секілді өте жылдам ойыншы. Өте жоғары деңгейдегі футболшылар екенін мойындауымыз қажет. Бірақ біздің қазақстандық ойыншылар осындай командаларға қарсы матчтар өткізіп, ойындарын жақсарта түседі. Кейін мықты қарсыластарды жеңетін сәттерге де жетеді", - деді бапкер.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар