"Ауыл аманаты" бағдарламасы: 13 миллиард теңге сұлулық салонын, сауналар, мейрамханалар және дүкендер ашуға жұмсалған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:45
- 42

"Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша мемлекет қаражатын жымқыру фактілері анықталды. Бұл туралы үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрдің мәліметінше, "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша екі мыңға жуық қарыз алушы 13 млрд теңге несиені ауыл шаруашылығын дамытуға қатысы жоқ мақсатқа жұмсаған. Мемлекет қаражаты сұлулық салондарын, сауналар мен мейрамханалар, дүкендер ашуға жұмсалған.
Көлеңкелі экономикамен күрес жөніндегі өзінің баяндамасында Мәди Такиев бюджет қаражатын пайдалануға жүйелі түрде жүргізілетін мониторинг туралы айтты. Қаржыны мақсатсыз жұмсау деректері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметінде де анықталған.
"Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мемлекеттік қолдауды баю құралына айналдырып отыр, олар алған несиелерін пайыз түрінде кіріс алу үшін банктерге депозит етіп салады. Мұндай деректер Түркістан облысында 2 млрд теңгеге, Абай облысында 152 млн теңгеге анықталды", - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсаудан бөлек, ведомство өзге де схемалармен күресіп жатыр. Шағын және орта бизнес секторында салықтарды барынша азайту және төлеуден жалтару әрекеттері көп. Мысалы, бір заңды мекенжай бойынша бірнеше компанияны тіркеу белең алған. Деректерге сәйкес, тек 3,5 мың мекенжайда 20 мыңға жуық компания тіркелген, олардың салықтар бойынша берешегі 60,4 млрд теңгені құраған.