Дариға Бадықова бұрынғы күйеуінің үстінен арыз түсірді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:44
- 44

Белгілі актриса Дариға Бадықова бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың үстінен арыз жазды. Бұл туралы адвокат Айгүл Орынбек желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Адвокат актердің әрекетін жеке өмірге қол сұғу және бопсалау екенін түсіндірді.
«Адамның жеке өмірі мен жеке шекарасын құрметтеуді үйренетін уақыт жетті! Дариға барынша сабырлық пен түсіністік танытып келді. Бірақ отбасылық құпияны жария ету, жеке хат алмасулар мен аудио-видеожазбаларды көпшілікке таратамын деп мәлімдеу — бұл адамның ар-намысына тиіп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін әрекет! Мұндай әрекет — бопсалау мен қысым көрсетудің айқын көрінісі. Бүгін біз Дарханның үстінен ресми түрде арыз түсірдік. Бұл шешімге баруға мәжбүр болдық, себебі заңсыздыққа үнсіз қарау – әділетсіздікке жол беру деген сөз. Енді бәрі заң аясында, құқықтық алаңда шешіледі деп сенеміз. Дариға әлеуметтік желіде өз өмірін талқылауға міндетті емес. Жеке өмір – адамның ең қасиетті кеңістігі, оған қол сұғу – адам құқығын бұзу! Заң бәріне ортақ. Оны орындау – қоғам алдындағы азаматтық және адамдық міндет! Біз әділдіктің орнауына сенеміз!», – деп жазған ол.
Сонымен қатар, Айгүл Орынбек Бас прокурор Берік Асыловқа Қазақстанда жеке өмірге қол сұғылмаушылық бойынша қылмыстық кодекс қашан жұмыс істейтінін сұрады.