Қазақстанда биыл босанған әйелдерге 631 млрд теңге жәрдемақы төленген
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:59
- 50

Биыл Қазақстанда босанған 257 мың әйел 46,5 млрд теңге көлемінде бала туған кезде берілетін жәрдемақы алған. Тағы 218 мың анаға баласы бір жарым жасқа толғанша төленетін жәрдемақы төленіп жүр. Жәрдемақылардың жалпы көлемі – 631 млрд теңге, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Аzattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бала туғанда әйелдерге республикалық бюджеттен 46,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленген. Соның ішінде, қыркүйек айында ғана 26,7 мың әйелге 4,8 млрд теңге төленген. Бұл жәрдемақыны босанған, бала асырап алған әйелдер алады.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5% өскен. Биыл баоа босанған әйелдерге:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
- екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан өзге, жұмыс істейтін әйелдер баласы 1,5 жасқа толғанша әлеуметтік сақтандыру қорынан бұрынғы жалақысының 40 пайызын ала алады.