Суды көп пайдаланатын қазақстандықтар енді көбірек төлем төлейді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:55
- 1

Қазақстандықтар тәулігіне 140 литр судың нормасынан артық пайдаланған жағдайда, артық көлем үшін белгіленген тарифтің 30%-ға жоғары мөлшерінде төлем жасайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Хабарланғандай, елімізде жергілікті атқарушы органдарға халық үшін ауыз судың тарифін өз бетінше бекітуге мүмкіндік беретін жаңа ережелер енгізілді. Алайда тариф мөлшері тиісті жылдың 1 қаңтарындағы республика бойынша орташа көрсеткіш шегінде болуы тиіс.
Су кодексіне сәйкес, мәслихаттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне және сумен жабдықтау қызметтерінің тарифтеріне байланысты 1 текше метр ауыз су үшін төлем мөлшерін өздері реттеуге рұқсат берілген.
«Бүгінде жергілікті атқарушы органдар халық үшін судың құнын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», – деді ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, егер бір адам тәулігіне 140 литр судың нормасынан артық пайдаланса, артық жұмсалған су үшін төлем мөлшері белгіленген тарифтен 30%-ға жоғары болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда коммуналдық тарифтер I тоқсанның соңына дейін уақытша тоқтатылғаны хабарланған болатын – өзгерістер 16 қазаннан бастап күшіне енді.
Еске сала кетсек, Үкімет брифингінде қазақстандықтар үшін тарифтердің жыл сайын 20–30% деңгейінде өсетіні айтылған еді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті бұл өсімді «күрт емес» деп сипаттады.