«Ет 5-6 мың теңге»: Ринат Зайытов бағаны қымбаттатып жіберген «көкелерге» ашуланды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:30
- 56

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов төменгі палатаның бүгінгі отырысында еттің бағасына қатысты айтып, көтеріп жібергендерге ашуланды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Айтуынша, Зайытов ауылға барған. Қалада бағасы шарықтаған еттің бағасы ауылда төмен.
"Базарда 5-6 мың тұратын еттің бағасы қыстаққа барсаң, 3 мыңға жетер-жетпес. Оны базарға барып сатайын десе, бір көке отырып алған. Таңғы сағат төртте өткізіп үлгерсең үлгердің, үлгермесең жоқ, бітті. Бағаны қоятын сол. Жәрмеңкеге алып келейін десе, тағы проблема. Өткенде ғана куә болдыңыздар, қаншама шаруа осы Астанадағы әкімдік орындарымызды сатып жіберген деп шағымданды. Ал экспортқа терісін де, жүнін де шығара алмайды. Етке де лимит қойып тастаған", - деді Зайытов.
Депутаттың бұл айтқанына сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.
"Еттің бағасы 3 000 теңгеден басталады дейсіз. Бірақ оған тасымалдау, сақтау және тағы басқа шығыстарды кіргізу керек қой. Ал тұтынушыларды қорғау бойынша жедел желі бар", - деп атап өтті Шаққалиев.
Ет экспортына енгізілген шектеу де мал шаруашылығына кері әсер етпейтінін айтады министр.