Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Еңбек министрлігі мен ОСК мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын әзірледі

Еңбек министрлігі мен ОСК мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын әзірледі
gov.kz
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

 Іс-шара аясында тараптар мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлесіп әзірленген Жол картасына қол қойды.

Отырыста сөз сөйлеген министр Қазақстанның барлық азаматтар үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген саясаты дәйекті түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті:

«Қазақстан инклюзивті қоғамды дамытуда. Онда әрбір азамат – физикалық немесе өзге де шектеулеріне қарамастан – ел өміріне белсене қатысуға тең құқылы. Сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету – бұл тек техникалық жағдайларды жасау мәселесі емес, мүгедектігі бар адамдардың азаматтық ұстанымына құрмет көрсетудің, олардың дауыс беру және ел болашағына ықпал ету құқықтарын танудың айқын көрінісі», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы бекітілді. Аталған құжат мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді тартуға және олардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасауға бағытталған кешенді шараларды көздейді.

Тұжырымдама аясында мүгедектігі бар жандардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар қарастырылған. Атап айтқанда: көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға арналған бюллетеньдерге трафарет дайындау; сайлау комиссияларының қызметкерлеріне арналған қолжетімді оқыту материалдарын әзірлеу.

Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім аясында бірқатар нақты қадамдарды қамтитын Жол картасы әзірленді. Атап айтқанда, Министрлік www.inva.gov.kz интернет-порталындағы «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» бөлімінде сайлау учаскелерін іздеу жүйесін және дыбыстық сүйемелдеу функциясын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл шараларды іске асыру 2025–2027 жылдарға есептелген.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін мүгедектігі бар азаматтарға сайлау учаскелері туралы қажетті ақпаратты табуға мүмкіндік беретін іздеу жүйесін құру жұмысы аяқталады.

Бұдан бөлек Министрліктің аумақтық департаменттері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлік сайлау комиссияларына тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеттері бұзылған азаматтар туралы өзекті мәліметтерді тұрақты түрде ұсынып отырады. Аталған жұмыс жылына екі рет, сондай-ақ ұлттық сайлау науқандары кезінде тұрақты негізде жүргізіледі.

Отырыс соңында қатысушылар сайлау процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз етудегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтіп, қол қойылған Жол картасын іске асыру аясында одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар