Қазақстандағы азаматтық қоғамның жаңа кезеңі: 104 грант бөлініп, 27 мың игі іс жасалды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 18:57
- 9

Мемлекет басшысы XII Азаматтық форум қатысушыларына жолдаған үндеуінде азаматтық қоғамды дамытуға мемлекеттің айрықша мән беретінін атап өтті.
«Мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына арқау болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы берік орныға түсті. Өзара сыйластық пен түсіністік, жанашырлық пен жауапкершілік қасиеттері кеңінен дәріптеліп, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру үшін нақтышаралар атқарылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент белсенді азаматтық қоғам қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Осы мақсатта 2021-2024 жылдар аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құқықтық кеңістікті сапалық тұрғыдан жаңғырту үдерісі басталды. Бұл бағытта бірқатар негізгі заңнамалық актілер қабылданды. Атап айтқанда, «Қоғамдық бақылау туралы» Заң, сондай-ақ «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Заңға түзетулер пакеті қабылданды. Сонымен қатар «Волонтерлік қызмет туралы», «Қайырымдылық туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Медиация туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға толықтырулар енгізілді.
Аталған заңдарды тиімді іске асыру мақсатында 14 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілді.
Қоғамдық кеңестердің рөлі айтарлықтай күшейді. Соңғы үш жылда азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі 23%-ға өсіп, 264 қоғамдық кеңестің құрамындағы олардың қатысу деңгейі 86%-ға жетті. Жастардың үлесі де 5%-ға артып, 15%-ды құрады.
Алғаш рет квазимемлекеттік секторда азаматтармен тікелей кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін 13 жаңа қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады.
Грант саясаты мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі реформаланды. Жобаларды іріктеудің көп деңгейлі механизмі енгізіліп, сараптама мен есеп беру рәсімдері жетілдірілді.
Аталған өзгерістер әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемін екі есе арттыруға, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қамту аясын 21 бағытқа дейін кеңейтуге және жүзеге асырылатын жобалар санын 22%-ға көбейтуге мүмкіндік берді.
Соңғы бес жыл ішінде жалпы сомасы 10,3 млрд теңгені құрайтын 556 грант жүзеге асырылды. 2025 жылы жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын 104 грант іске асырылуда. ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақы конкурсы рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, өтініштердің саны 135-тен 208-ге дейін артты. Ал, жеңімпаз ұйымдар саны 73-ке жетті. Олардың қатарында ауылдық аймақтардағы бастамалар мен инклюзивті жобалар да бар. Осы кезеңде барлығы 336 үкіметтік емес ұйым Мемлекеттік сыйлықақымен марапатталды.
Бұл нәтижелер мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы серіктестіктің жаңа, жетілген кезеңіне жол ашты.
Азаматтық қоғамды дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде волонтерлік қозғалысты қолдау және нығайтужұмыстары белсенді жүргізілуде. 2021-2023 және 2024-2026 жылдарға арналған екі Жол картасы қабылданып, олар төрт стратегиялық бағытпен 85 нақты іс-шараны қамтыды.
Республикалық фронт-офис пен мыңдаған белсенді жасты біріктірген 20 өңірлік волонтерлік орталық құрылды. Осы уақыт ішінде 275 волонтерлік жоба мен 1 200-ден астам волонтерлік бастама жүзеге асырылды.
Қазақстан волонтерлік қызмет саласында халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Соңғы жылдары елімізден 21 волонтер БҰҰ құрылымдары аясында Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдерінде қызмет атқарды. 2025 жылы олардың жетеуі өз қызметін жалғастыруда. Сонымен қатар, биыл «Игі істер марафоны» аясында ел бойынша 27 мыңнан астам игі іс атқарылды.