Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті
pixabay.com
Мәжіліс депутаттары 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдады.

Құжат Бюджет кодексінің талаптарына және мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленген, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі.

Бюджет туралы заңға сәйкес, кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге, 2027 жылы 21,2 трлн теңге, 2028 жылы 23,2 трлн теңге болады деп болжанып отыр. Шығындар, сәйкесінше, 27,7 трлн, 28,7 трлн және 29,7 трлн теңге болмақ. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын шамамен 2,8 триллион теңгені құрайды.

Бюджет саясатының негізгі басымдығы мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық және уақытылы орындау, сондай-ақ ғылым, білім беру және медицинаны қолдауды арттыру арқылы адами капиталды дамыту болып қала береді.

Сондай-ақ заң жобасын қарау барысында депутаттар өңірлерді дамытуда бюджеттік шығындарды ұлғайтуды көздейтін түзетулер ұсынған.

Бұл мақсаттарға үкімет резервінен қосымша 30 миллиард теңге және мемлекеттік қарызға қызмет көрсету есебінен 16,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы жылу, электр, газ, сумен жабдықтауды дамытуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да салаларға бағытталады.

Сонымен қатар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 трлн теңгені қайта бөлу бойынша түзетулер енгізілген.

Қаржы министрлігінің "Жаңа бастамаларға арналған шығыстар" бағдарламасы бойынша жоспарланған шығындар бюджет бағдарламалары әкімшілері арасында бөлінген. Бұл қаражат кейіннен отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, аграрлық секторды техникалық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар