Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

+25 градусқа дейін: қараша айында күн жылы болады

+25 градусқа дейін: қараша айында күн жылы болады
Сурет: photocentra.com
Синоптиктер қараша айында күн жылып, қар жауатынын болжады.

«Қазгидромет» синоптиктері қараша айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қарашаның басында елдің көп бөлігінде солтүстік циклонның әсерінен ауа райы тұрақсыз болады деп күтіледі. Жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде негізінен қар жауып, боран соғады.

Батыс облыстарда жауын-шашын айдың алғашқы күндерінде байқалады. Ұқсас ауа райы екінші және үшінші онкүндіктерде де қайталануы ықтимал.

Ай бойы еліміздің әртүрлі өңірлерінде желдің күшеюі, көктайғақ және тұман күтіледі. Синоптиктердің болжамынша, боран көбінесе елдің солтүстік, орталық және шығыс бөліктерінде болуы ықтимал.

Қарашаның бірінші онкүндігінде Батыс Қазақстанда түнгі температура +2…+7°С-тан -2…-7°С-қа дейін, күндіз +3…+10°С-тан +10…+18°С-қа дейін өзгереді. Онкүндіктің соңында күндізгі ауа температурасы +15…+25°С-қа дейін көтеріледі.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде бірінші онкүндіктің ортасына қарай суық күшейіп, түнде -7…-15°С, күндіз -2…-10°С болады деп күтіледі. Онкүндіктің соңында ауа температурасы аздап жылынып, оң мәндерге жетеді, тек шығыс өңірлерде салқын сақталады.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнгі температура 0…-5°С, таулы аймақтарда -13°С дейін төмендейді, күндіз 0…+8°С шамасында болады. 7 қарашадан кейін ауа температурасы +5…+15°С дейін жылынады деп күтіледі.

Айдың екінші онкүндігінде түнгі ауа температурасы 0…-5°С-тан -10…-18°С-қа дейін, күндіз 0…+5°С-тан 0…-8°С-қа дейін ауытқиды. Үшінші онкүндіктің ең суық күндерінде түнде -15…-20°С, күндіз -3…-10°С дейін төмендеуі мүмкін.

Елдің батыс жартысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде түнгі температура -3…-12°С-тан 0…+7°С-қа дейін, күндіз +1…+6°С-тан +8…+18°С-қа дейін болады. Оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде кей күндері түнде -5…-15°С, күндіз -1…-6°С дейін суық болуы ықтимал.

Жалпы, синоптиктердің мәліметінше, қараша айында ауа температурасы ел аумағында нормаға қарағанда шамамен 1°С жоғары болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері норма шамасында, кей жерлерде — атап айтқанда, елдің батысы мен солтүстік-шығысында (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай және Абай облыстарында) нормадан жоғары болады деп болжануда.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар