Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Көршілер арасындағы араздық: «Жалған анықтама» ісі дауға айналды

Көршілер арасындағы араздық: «Жалған анықтама» ісі дауға айналды
видеодан скрин
Алматы тұрғыны Джеладин Рахимжанов көршісімен болған жанжалдан кейін қылмыстық іске тартылып, өзін әділетсіз тергеудің құрбаны деп санайды.

Айтуынша, іс жалған медициналық анықтама мен қолдан жасалған КТ суреттеріне негізделген.

«Бастапқыда екеумізде де ауырлық дәрежесі бойынша бағаланбайтын жеңіл жарақаттар болған. Бірақ ол екі күннен кейін қолдан жасалған анықтама алыпты. Сол жалған анықтаманың арқасында бүгінде барлық айыптаулар маған қарсы құрылып отыр», — дейді Джеладин Рахимжанов.

Оқиға өткен желтоқсанда болған. №12 қалалық аурухана екі тараптың да жарақатын «жеңіл» деп бағалаған. Бірақ көп ұзамай көршісі "жалған" анықтама жасатып, Рахимжановты қайта әбігерге түсіреді.

“Соңғы 10 айдан астам уақыт бойы прокуратура органдары полиция құрылымдарын пайдалана отырып, мені заңсыз және негізсіз түрде қудалап келеді. Олардың айыптауы мен қудалауы көршім арқылы алынған жалған және қолдан жасалған медициналық құжаттар мен КТ-суреттерге негізделген.

Төбелес болған күні, яғни оқиға кезінде, көршім 12-қалалық ауруханаға жеткізілген. Онда оған толық медициналық тексеру жүргізілді, рентген жасалды, қажетті көмек көрсетілді және ешқандай сынық немесе ауыр жарақат анықталмады. Травматолог тексеріп, рентген қорытындысы бойынша тек көгеріп қалғаны анықтаған.

Алайда екі тәуліктен кейін көршім, өз пайдасы үшін жарақаттарын “ауырлату” және жағдайдан пайда көру ниетімен қаланың шет жағындағы басқа ауруханаға барып, белгісіз дәрігерден КТ-тексеру жасап, ойдан шығарылған қол жарақаты туралы анықтама алған. Кейін осы КТ-суреттер мен жалған медициналық қорытындыны полиция органдарына өзі апарып берген.

Бірақ полиция қызметкерлері олардың шығу тегін тексерместен, бұл материалдарды сотқа дейінгі тергеу ісіне қосуды жөн көрген. Ең сорақысы — мұны істеген қызметкер сол кезде еңбек демалысында жүрген және соған қарамастан КТ-суреттер мен анықтамаларды іске тіркеп, сол бойынша қосымша сараптама тағайындаған.

Адвокаттарыммен бірге біз бірнеше шағым мен өтініш бергеннен кейін прокуратура мен полиция органдары бұл сараптаманы демалыстағы қызметкердің тағайындауы заңсыз екенін мойындады. Бірақ соған қарамастан, іс материалдарына жалған КТ-суреттер мен дәрігердің шындыққа жанаспайтын диагноз жазылған анықтамасын қосу фактісін заңсыз деп танудан бас тартып отыр. Сондай-ақ олар осы дәлелдердің қайдан және кімнен алынғанын тексеруден де бас тартып келеді”, – дейді Рахимжанов.

Адвокат Мұрат Жексембаев Денсаулық сақтау министрлігінің тексеруі жалған диагнозды растағанын айтады.

«Ешқандай жарақат анықталмаған. Бірақ прокуратура нақты дәлелдерді елемей отыр», – дейді ол.

Полиция департаменті істің заң аясында тергеліп жатқанын хабарлады. Ал Рахимжанов өз кінәсіздігін дәлелдеу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінбек.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар