Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі шықты: марқұм ұшқыштар кінәлі деп танылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:32
- 1
Алматыда Bek Air ұшағының апатына қатысты Түрксіб аудандық соты үкім шығарды. Әуе апатына алты жыл өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Fokker 100 әуе кемесінің апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған. Алматыдан Астанаға бағыт алған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден биіктіктін жоғалтқан. Кейін қоршауды бұзып, әуежай маңындағы екі қабатты коттеджге соғылған. Бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
Іс бойынша айыпталушылар – әуе кемесінің ұшқыштары Марат Мұратаев пен Миржан Молдақұлов. Екеуі де апат кезінде қаза тапқан. Оларға екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзу бабы (ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі) бойынша айып тағылған.
Сот екі ұшқышты да кінәлі деп таныды. Олардың қазасына байланысты жаза қолданылмайды.
Сондай-ақ, сот Bek Air компаниясының ұшақтары мен өзге де мүлкіне тыйым салу туралы шешім шығарды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Астанаға бағыт алған рейс кезінде болды. Әуе кемесінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 13 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды.



