Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Академқалашықтағы құрылысқа қатысты дау: тектоникалық жарық бойында емес екені дәлелденді

Академқалашықтағы құрылысқа қатысты дау: тектоникалық жарық бойында емес екені дәлелденді
kyn.kz
Алматы қаласының Академқалашық аумағында салынып жатқан құрылыс жобасы қоғамда қызу талқылануда. Енді бұл мәселеге депутат Бақытжан Базарбек араласты.

Әлеуметтік желілерде “жаңа нысандар тектоникалық жарықтың дәл бойында салынып жатыр” деген ақпарат тараған соң, тұрғындар сейсмикалық қауіпке байланысты алаңдаушылық білдірді.

Мәселе бойынша түсінік беру мақсатында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек арнайы кездесу ұйымдастырды. Оған Сейсмология институтының, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, Сәулет және қала құрылысы басқармасының, сондай-ақ SABA GROUP KZ компаниясының өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Айгүл Данабаеваның айтуынша, құрылыс жүріп жатқан жер тектоникалық жарықтың бойында емес.

 “Бұл аймақтан жарық желісі өтпейді. Тектоникалық жарық шамамен 160 метр қашықтықта, яғни жолдың арғы жағында орналасқан. Қала аумағының өзі 9 баллдық сейсмикалық белсенді аймаққа кіреді, бірақ дәл осы учаске қауіп аймағына жатпайды,” – деді ол.

 

Ғалымның айтуынша, барлық сейсмикалық бақылаулар мен геологиялық карталар деректеріне сәйкес, құрылыс орны қауіпсіз деп танылған.

Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Бекнар Берікұлы жер телімінің мәртебесін нақтылап өтті.

 “Бұл аумақ Бас жоспарға сәйкес коммерциялық аймақ ретінде бекітілген. Құрылыс жүргізуші компания – жеке меншік иесі SABA GROUP. Барлық жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс нормалары мен сейсмикалық талаптарға сай болуы тиіс,” – деді ол.

Маман сондай-ақ жобалау кезеңінде қоғамдық тыңдау өткізудің және экологиялық бағалау рәсімін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

SABA GROUP KZ компаниясының президенті Ілияс Кәрібозов тұрғындардың алаңдаушылығын түсінетінін айтып, құрылысқа қатысты шешімдердің барлығы заң аясында қабылданатынын жеткізді.

 “Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Құрылыс жұмыстары тек мемлекеттік рұқсат пен сараптамалар алынған соң басталады. Біз бастапқыда жоспарланған 9 қабатты нысаннан бас тартып, оның орнына 3–5 қабатты ғимарат салуды жоспарлап отырмыз,” – деді ол.

Компания басшысы сонымен бірге тұрғындарға арналған кіші саябақ пен демалыс аймағын жобаның бөлігі ретінде қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәселені ашық талқылау қоғам үшін маңызды екенін айтты.

 “Тұрғындардың алаңдауы орынды. Бірақ сарапшылардың мәліметі мен ресми деректерге сүйенсек, құрылыс тектоникалық жарықтың үстінде емес. Ең бастысы – ақпараттың ашықтығы мен қоғамның сенімін сақтау,” – деді ол.

Депутат сондай-ақ құрылыс саласына қатысты қоғамдық бақылауды күшейтуді және тұрғындармен кері байланыс орнатуды ұсынды.

Алматы қаласы ТЖД директорының бірінші орынбасары да пікір білдіріп, жобаның сейсмикалық нормаларға сай екенін растады.

 “Құрылысқа дейін барлық инженерлік және қауіпсіздік сараптамалары жүргізіледі. Егер нысан қауіпті аймақта болса, рұқсат берілмейді. Академқалашықтағы жоба тексеруден өтті"-деді

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар