Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Молдалар да табысын ойлайды»: экономист той мен ас беруге шектеу енгізу керектігін айтты

«Молдалар да табысын ойлайды»: экономист той мен ас беруге шектеу енгізу керектігін айтты
el.kz
Қазақстанда той мен асқа кететін шығындардың шамадан тыс көбеюі қоғамда өзекті мәселеге айналды.

 Экономист Сапарбай Жұбаев бұл жағдайды реттеу үшін мемлекеттік және діни деңгейде нақты шектеулер енгізу керектігін айтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның сөзінше, көршілес елдер бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған.

Тойдағы адамдардың саны, әсіресе мереке кезінде немесе үйде бір жан қайтыс болғаннан кейін болатын рәсімдер бізде өте ауыр іске айналып барады. Өлім-жітім жағдайында да, тойда да үй иесіне үлкен ауыртпалық түседі. Көршілес Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан билік пен дін өкілдерінің шешімімен белгілі бір шектеулер енгізген, – деді ол De.Media арнасына берген сұхбатында.

Экономист Өзбекстандағы тәжірибені мысал ретінде келтірді.

Біз жақында Өзбекстанға барып, сол жердегі тәртіппен мерекемізді өткіздік. Онда олар «қырық күндік ас беру», «жылдық ас беру» дегенді ұзаққа созбайды. Үш күн бойы марқұмның үйінде тамақ пісіруге рұқсат жоқ, келген қонақтар басқа жерден тамақ ішеді. «Қырқы», «жылы» деген рәсімдерді тоқтату керектігі айтылады. Біз Қазақстандағы әдетпен «жетісін» өткізуге рұқсат сұрап, сол бойынша өткіздік. Оның өзіне әрең рұқсат алдық. Шынымен де, бізге де осындай шектеулер керек. Себебі баласын үйлендіру үшін несие алып, табысы жоқ адамдардың қарызға батуы дұрыс емес, – дейді Жұбаев.

Жұбаевтың айтуынша, шамадан тыс той жасаудың бір себебі – бәсекеге еру.

Көршісі үлкен той жасаса, ауылдағы бір бай 300 адамға той жасап берсе, «мен одан кем бола алмаймын» деп, өзі де сондай шығынға бататындар көп, – дейді экономист.

Ол шектеудің жоғарыдан басталуы керектігін де атап өтті:

Егер жоғары жақтан бай-дәулетті адамдардың өзіне шектеу қойылса, олар 50-60 адаммен ғана той жасай бастаса, қарапайым халық та 50-70 адаммен шектеледі.

Сонымен қатар діни және жергілікті билік өкілдерінің рөлін де қозғады.

Пандемия кезінде той жасауға рұқсат жоқ кезде де биліктегілер үлкен тойлар жасады. Сонда халық: «Олар істейді, біз неге істей алмаймыз?» деп ойлады. Ауыл әкімі мен аудан әкімі де халыққа тоқтату туралы айтуы керек. Молдалар да уағызында айтамыз дейді, бірақ көбіне өзі де өмірден озған үйден белгілі бір ақша үміт етеді. Міне, осының бәрін тоқтату қажет. Әйтпесе Абай атамыз айтқан «бекер мал шашудан» әлі құтыла алмай келеміз, – деді ол.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар