Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Астанада жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті (Фото)

Астанада жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті (Фото)
kyn.kz
2025 жылдың 28 қарашасында Елорда төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінің аумағында жұмыс іздеп жүрген тұлғалар, елордалық ЖОО түлектері және астаналық жастар үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде мемлекеттік мекемелерден бастап, ірі компанияларға дейін 100-ге жуық жұмыс беруші қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Осылайша жалынды жастарды өз қатарларына қосты. Іс-шараның негізгі мақсаты да осы еді – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Аталмыш жәрмеңке «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы»  КММ ұйымдастыруымен өткізілді.      

     

 Аталмыш жәрмеңке студенттерге ыңғайлы болу үшін жыл сайын қараша айында дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл туралы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Балтабайұлы айтты:

–  Біз жұмыс берушілермен келісіп, арнайы осы уақытты таңдадық. Өте ыңғайлы уақыт. Себебі студенттер екі аптадан кейін сессияға кіріседі. Одан кейін қаңтардың ортасында практикаға кетеді. Сондықтан студенттер жұмысқа орналасу немесе тәжірибе алмасу үшін алдын ала дайындалуына қолайлы уақыт ретінде жылда қараша айында өткізу дәстүрге айналған.

 Жәрмеңкеде қала тұрғындарымен қатар Еуразия ұлттық университет студенттері де өз белсенділіктерін көрсетті. Биыл бұл оқу орнын 6500 түлек тәмәмдайды. Олардың 4500-і бакалавр, 1500-і магистранттар болса қалған 500-ге жуығы докторантура дипломын алады. Байжұман Балтабайұлының айтуынша, олардың ішінде бакалавр студенттеріне көбірек назар аударылады.

Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Балтабайұлы:

– Себебі бакалавр студенттері бірінші рет жұмысқа тұрайын деп жатыр. Ал магистранттар мен докторанттар өздерінің жұмыс өтілі болуы мүмкін. Қызмет көрсету және басқа да салаларда жұмыс істеп жүрген азаматтар. Сондықтан да бакалавр студенттерінің еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын жақсы мекемелерде, сәтті бастап кетуіне көбірек күш саламыз.

Бұл жәрмеңке еңбек нарығындағы ұсыныс пен сұраныстың деңгейін көрсететін,  жаңа  заман жастарының жұмыс іздеудегі талап тілектеріне куә болатын алаңға айналды. Көптеген жұмыс берушілер үшін жас кадрлар — жаңа идеялардың, заманауи көзқарастың, инновациялық ойлау жүйесінің қайнар көзі. Сондықтан компаниялар үшін жәрмеңке алаңы жастармен байланыс орнату, олардың кәсіби әлеуетін байқау, талантты жастарды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігін беріп отыр. Жұмыс берушілер қатарында Ішкі істер министрлігі де қатысып, Астана қаласы полиция басқармаларындағы бос жұмыс орындарын ұсынды.  ІІМ қызметкерлерінен жастардың талап-тілектері қандай екенін сұрап көрдік.

Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасының аға-инспектор психологы Әсел Мекебаева:

– Әрине, қазір жастар өздерінің бағасын біледі. Сол үшін де олар талапшыл және айлық жалақысы жоғары жерде жұмыс істегісі келеді. Бірақ ешқашан отанға адал қызмет етуді де ұмытпау керек. Қазір енді формаға, погондарға қызығып, отан алдындағы борышымды өтегім келеді деп келіп жатқан қыз-жігіттерді де көріп отырмыз. Біз де соған сай өте жауапты әрі қызықты жұмыс орындарын ұсынып отырмыз. Мысалы: жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы, психолог мамандарды іздейміз. Кадр мамандарының да жетіспеушілігі бар. Жастарға есігіміз әрдайым ашық!

 Әрине, жастардың көбі жоғары жалақыға жұмыс істегісі келетіні сөзсіз. Бұл туралы жұмыс берушілердің ойын да білгіміз келді. Мысалы KPNG компаниясының НR  мамандары жастарға жоғары жалақы ұсынуға дайын екенін, бірақ ол үшін сол жалақыға лайықты қабілеттері болуы керектігін де айтып өтті.

KPNG компаниясының HR маманы Фатима Қырықбаева:

– Бізге көптеп келіп жатқан 3-4 курс оқитын студенттер. Аудиторлық кадрларға сұраныс өте жоғары. Ол үшін үміткердің ағылшын тілі деңгейі ең кемінде В2 деңгейінде болуы керек. Екіншіден, математикалық қабілеттерін де жоғары бағалаймыз. Ал HR болуы үшін коммуникациясы жақсы болғаны дұрыс. Қазір әсіресе Қытай тілін білетін мамандарға сұраныс жоғары болып тұр. Егер осындай қабілетті жастар қатарымызға қосылып жатса, біздегі ең төмен айлық жалақы  350-400 мың теңгеден басталады.

 Иә, жұмыс іздеушінің де сұраныстары жоғары, жұмыс берушінің де талап тілектері аз емес. Осы тенденцияға қарай отырып, болашақтағы еңбек нарығының қандай өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін бағамдауымызға болады.  

 Жәрмеңкеге IT, қаржы, білім, өндіріс, қызмет көрсету, денсаулық сақтау, медиа және мемлекеттік сектор өкілдері қатысты. Бұл студенттердің оқып жатқан бағдарламасына сай жұмыс табуына үлкен мүмкіндіктердің есігін ашқан алаң болды. Мысалы, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің 4 курс студенті Қарашаш Қолқанат органикалық химия бағытында білім алады. Оқудан бөлек қосымша табыс табу үшін барбер оқуын оқып, 1,5 жылдан бері сұлулық салонында жұмыс істейді. Қарашаш қолына дипломын алатын сәт жақын қалғандықтан мамандығы бойынша жұмыс тапқысы келетінін айтты.              

 Жаратылыстану ғылымдары факультетінің 4 курс студенті –Қарашаш Қолқанат:      

– Менің мамандығым химия бағытында болғандықтан лабороториялық жұмыстарға, ғылыми ізденіске негізделген орындарға барғымыз келеді. Жұмыс берушілер қатарында Қазақ Мыс және ҚазМұнайГаз, лицейлер мен гимназияларға өз түйіндемелерімізді өткізіп кеттік. Олар бізге алты айлық оқудан өтетін болсақ немесе магистратураны тәмәмдасақ химиядан педагог қызметіне орналастыруды ұсынды.         

 Астана қаласында өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жастарды еңбек нарығына бейімдеудің практикалық тиімді тегігі екенін көрсетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Жастарды қолдау – ел дамуының басты басымдығы. Адами капиталдың сапасын арттырусыз тұрақты өсім мүмкін емес». Бұл шара осы бағыттағы жұмыстардың практикалық жалғасы ретінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тікелей байланыстыруға мүмкіндік берді.

 

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар