«Мен үйдің он үшінші баласымын»: Гүлмира Әбіқай көпшілік білмейтін өмірі туралы сыр шертті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:40
- 21
Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өміріндегі қызықты күндері мен бала армандары туралы Гүлжанат Пірімбетоваға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Айтуынша, журналист кішкентай күнінен арманшыл бала болып өскен. Кейін өсе келе сол кезде қиялдаған нәрселері өмірінде орындалған.
«Мен үйдің он үшінші баласымын. Біз үлкен әулетпіз. Кішкентай күнімде қиялшыл болып өстім. Ұшақ кетіп бара жатса, президентпен бірге ұшақпен ұшып бара жатырмын деп айтатынмын. Ағаларым, әпкелеріммен ілесіп әліппені бес жасымда үйреніп алдым. Кітап көп оқығанды жақсы көретінмін. Ауылдың кітапханасындағы кітаптарды өзім барып сұрап тұратынмын. Бір күні алтыншы сыныпқа келгенде Алматыдағы «Дарын» мектебіне оқуға түсіге кеттім. Сол жақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдеп оқып шықтым. Кейіннен Қыздар педагогикалық ұлттық университетке оқуға тапсырып түсе алмай қалдым. Бірақ бір жылдан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсе алдым. Сөйтіп студенттік кезең басталды», - дейді Гүлмира Әбіқай.
Сонау балалық шақтағы арманы орындалған журналист содан бастап өмірінде визуализация жасауды тоқтатпапты.
«Ең алғаш журналистік қызметімді ұлттық арнада бастадым. Сол кезде бір айдан кейін президентпен бірге сапарға шығатын журналист керек болып, мені жіберді. Осы уақытта визуализация бар екенін ұқтым. Армандаған ұшаққа алғаш отырып, президентпен сапарға шықтым. Мұны мен бала күнімде ойлап қойған едім. Сондықтан визуализация жасауды, армандауды тоқтатпаңыздар», - дейді қызықты сәттерімен бөліскен журналист.


