«Олар бізді ұрады»: Түркістан облысында үлкендерден әлімжеттік көргенін айтқан студенттерді полиция инспекторы соққыға жыққан
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:01
- 29
Түркістан облысы Арыс қаласындағы колледждің студенттері әлімжеттіктің құрбаны болдық деп бас көтерді. Айтуларынша, екінші курстың балалары ұрып-соғып, ақша бопсалайды. Оларды қорғаудың орнына талап-арызбен жүгінген полиция инспекторы оларға қол көтеріп, тепкінің астына алған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Жәбірленген бозбалалардың ата-аналары да кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
“2-курстың балалары келеді де, бұлардан ақша жинайды. Содан бұлар ашынады ғой. “Біз ақша жинап береміз бе, не үшін жинап береміз?” дейді. Ылғи хабарласып “мама 2 мың теңге, мама 3 мың теңге, салсаңшы, болсаңшы” дейді”, – деді ата-аналардың бірі Лаура Омарова.
Әлімжеттіктен мезі болған балалар үлкендермен жаға жыртысып, соңы топтық төбелеске ұласқан. Ең сорақысы, жанжалға араша түсуге келген полиция инспекторы студенттерге араша түсудің орнына өздерін соққыға жыққан. Сөздерінше, тәртіп сақшысы колледждің кабинетіне бір-бірлеп кіргізіп, қол көтерген.
“Біз оларға тауып бермесек, олар бізді ұрады. Бәрімізді бірге жинап алып ұрады. Сосын біз оларды балалармен жабылып ұрдық. Сөйтіп Қуаныш деген ағай кеп мені ұрды, шапалақпен ұрды, жерге жатқызып тепкіледі. Ол полиция қызметкері, біздің колледжге қарайтын учаскелік полиция”, – дейді 1-курс студенті.
Басқалар да полиция инспекторының бұл әрекетін растады. Айтуынша, боқтап, боралап, сөзге тоқтамайды.
Балалар айтқан Қуаныш ағай да прокуратура алдына келді. Бірақ құзырлы орган өкілі түсіру тобын көре сала, тұра қашты. Ал колледж басшылығы мән-жайды анықтап, сотқар балаларға шара қолданамыз деп сендірді.
“Жұмыс жүргізу барысында, анықталып жатыр ғой. Әлі шешілген жоқ. Оның қасында 11-мектептің балалары бар, мына қасымызда гуманитарлық колледжің студенттері бар, біздің студенттер бар. Бірақ жұмыс жүргізіліп жатыр. Білемін ғой не анықталғанын, әлі шешілген жоқ”, – деді №17 колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Шынар Асанова.
Ал кәмелет жасына толмағандар жөніндегі инспектордың студенттерді соққыға жығу дерегі бойынша Түркістан облысының полиция департаменті қызметтік тексеріс бастапты. Соның қорытындысы аясында қызметкердің әрекетіне құқықтық баға берілмек.




