Бірден көп тісті емдеу баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін – Денсаулық сақтау министрі
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 07:52
- 39
Елімізде Бас прокуратураның талабы бойынша стоматологиялық ұйымдарға жоспардан тыс тексерістер жүргізілуде. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазіргі кезде 290 тексеріс тіркелген.
«Прокуратура өңірлерден жолдаған 316 нысанның ішінде 34 клиника міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және мемлекеттік тегін медициналық көмектің аясында қызмет көрсетеді, ал қалған 282 клиника тек ақылы негізде жұмыс істейді», – деп мәліметпен бөлісті министр.
Әлназарованың айтуынша, соңғы уақытта балаларға жалпы наркозбен бірден көп тісті емдеу жағдайына қатысты шағымдар жиілеген. Ол ұзақ уақытқа созылатын наркоз баланың өміріне қауіп төндіретінін атап өтті.
«Балаларға жалпы анестезия жасау – өте күрделі медициналық процедура. Ол тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс. Мұндай емдеу үшін білікті анестезиологтың қатысуы, тиісті жабдықтың болуы және анестезиологиялық әрі реаниматологиялық көмектің стандарттарын сақтау қажет. Бұл талаптар клиниканың мемлекеттік немесе жекеменшік болуына қарамай орындалуы тиіс. Ұзақ уақытқа созылатын наркоз және бірден көп тісті емдеу баланың жүрек-қан тамыр, тыныс алу және жүйке жүйесіне қосымша қауіп төндіруі мүмкін. Өкінішке қарай, кейбір клиникалар ата-аналарға коммерциялық тұрғыдан ыңғайлы ұсыныс жасап, “барлық тісті бірден емдейміз” деп отыр. Бірақ мұндай тәсіл тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана ақталады», – деп жазды министр», – деді ол.
Сондай-ақ, министр ата-аналарды процедураға келісім бермес бұрын мұқият болуға шақырды.
«Мұндай процедураға келісім бермес бұрын барлық тәуекелдер, көрсеткіштер және жүргізу шарттары туралы толық әрі ашық ақпаратпен танысу қажет. Баланың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында болуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осы қағиданы қатаң ұстанады», – деп қосты ол.




