Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Басында ісік, түрлі жарақаттар болды»: Оралда әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы әділдікті талап етеді

«Басында ісік, түрлі жарақаттар болды»: Оралда әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы әділдікті талап етеді
Сурет: azh.kz
Әскерде көз жұмған сарбаздың анасы ұлының деесінде көгерген іздер болғанын айтты.

Балықшы ауылынан шыққан мерзімді әскери қызметші Өмірбек Есбергенов 2024 жылдың сәуір айында Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімде қаза тапты. Анасы Айна Есбергенова ұлының өліміне қатысты ресми көрсетілген себеппен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, 18 жастағы сарбаз құжаттарда көрсетілгендей табиғи өліммен қайтыс болмаған. Ол Өмірбектің өлтірілгеніне және оның мерзімді әскери қызмет кезінде қаза табуының шынайы себептері әдейі жасырылып отырғанына сенімді.

Айна Есбергенованың айтуынша, ұлы бала кезінен белсенді әрі еңбекқор болған. Мектепті негізінен "төрттік" бағамен аяқтап, футболмен айналысқан, жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған. 14 жасынан бастап жұмыс істеп, өз бетінше ақша тапқан.

"Әскерге дейін ол Атырау индустриялық колледжінің үшінші курсында оқыды. Оқуымды жалғастыра беруге болар еді, бірақ мен Отан алдындағы борышымды өтеуім керек” деп, әскерге өз еркімен кетті", - дейді анасы.

Қызмет барысында Өмірбек анасымен үнемі байланыста болған, олар екі күнде бір рет дерлік сөйлесіп тұрған. Сонымен қатар, ол жиі ақша жіберуді сұраған, бірақ кейін белгілі болғандай, бұл қаражат тек өзіне ғана емес, басқа адамдарға да аударылған.

"Ақшаны әртүрлі адамдарға жібердік. Көбінесе ұлымнан алты ай бұрын әскерге келген Орынбаев Нұрмұхасан деген сарбаздың шотына аудардық. Ұлым қайтыс болғаннан кейін оның есепшотын тексердік, барлық ақша дәл соның шотына түскенін көрдік. Кейін бұл қаражат командирлер мен сержанттарға беріліп отырғаны анықталды. Бірақ тергеу бұған көз жұма қарады",  - дейді Айна Есбергенова.

2024 жылдың 7 сәуірінде анасы ұлымен соңғы рет сөйлескен.

"Ол: “Анашым, маған мұнда ұнап жатыр, осында қалғым келеді” деді. Мен “Ең бастысы  аман-есен орал, қалғанын кейін көрерміз” деп жауап бердім. Ал 9 сәуірде үйіме үш офицер келіп, ұлымның жүгіру кезінде жүрегі тоқтап қайтыс болған деп айтты", - деп еске алады ол.

Сол күні-ақ әйел Орал қаласына барып, ұлының денесін өзі алып кеткен. Мәйітханада марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілерін көргенін айтады.

"Ұлымды киіндіріп қойыпты. Мен шешіндіруді талап еттім де, денесіндегі соққы іздерін өзім суретке түсірдім. Денесінде көгерген жерлер, басында ісік, түрлі жарақаттар болды. Бұлар доғал затпен ұрылған іздер", - дейді анасы.

Айна Есбергенованың айтуынша, кейін ұлының үш тәулік бойы ұйқысыз нарядта тұрғаны, төртінші күні қатты шаршап ұйықтап кеткені белгілі болған. Сол үшін командирі оны соққыға жыққан. Сонымен қатар, Өмірбектті ұзақ уақыт қызметте болған сарбазда да ұрып-соққан. Бұл туралы марқұмның қызметтесі айтып берген.

"Құлағаннан кейін ұлым тағы шамамен 20 минут тірі болған. Бірақ оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Бір жерден екінші жерге сүйреп жүрген. Дәрі де, дәрігер де болмаған. Өздерінің әрекетсіздігімен оны өлтіріп тынды", - дейді анасы.

Соған қарамастан, тергеудің ресми нұсқасы әлі де "кенеттен қайтыс болу" дегенге тіреліп отыр, ал ұрып-соғу деректерінің барлығы, анасының айтуынша, жоққа шығарылуда.

"Ұлымның өліміне қатысы бар адамдар қазір бостандықта жүр. Олар тірі, ал менің балам жер қойнында. Мен бұл істің жабулы күйде қалуын қаламаймын", –  дейді Айна Есбергенова.

Әділдікке қол жеткізе алмаған әйел әскерде қаза тапқан басқа да сарбаздардың аналарымен бірге митингке шыққан. Олар ашық тергеу жүргізуді, кінәлілерді жазалауды және әскери бөлімдердегі өлім-жітімнің жасырылуын тоқтатуды талап етеді.

Өмірбектің оқиғасы  жалғыз жағдай емес. Бұл қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары дабыл қағып отырған жүйелі мәселе. Қоғам үнсіз қалса, бұл қара тізімге тағы да қаншама ананың қосылуы мүмкін.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар