Бүгін Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ театры мен кинoсының аңызы Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қоштасу рәсіміне мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет министрі Аида Балаева мен қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келді. "Қыз Жібек" фильмінде Жібек рөлін сомдап, Асанәлі Әшімовпен бірге өнер көрсеткен актриса Меруерт Өтекешова бұл қазаның театр мен тұтас өнер әлемі үшін орны толмас ауыр қайғы екенін айтты.
"Біздің сүйікті Асанәлі ағамыз алыс жолға кетті. Бірақ, Асанәлі ағамыз жүрегімізде мәңгі қалады. Халық Асанәлі ағамызды ешқашан ұмытпайды. Тірі кезінде ағамыз өнер, отбасыға байланысты қанша кітап шығарды. Біздің жазушылар Асанәлі ағамызға арналған әлі талай кітап шығарады. Ол кісі туралы жазатын дүние әлі көп", – деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовтің туыстарына көңіл айтты.
“Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады”, – деп жазылған жеделхатта.
Қазақстан және КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
Ол көрерменге кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Трансібір экспресі») және өзге де рөлдерімен таныс.
Ол режиссер ретінде де (Н.Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И. Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» және тағы басқа) кеңінен танылған.
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» - Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» - Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» - Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Қодарды және өзге де ірі кейіпкерлерді сомдаған.
Айта кетсек, қазақ өнерінің абызы 2025 жылы 21 желтоқсанда 88 жасында дүниеден өтті.




