Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Президент: Қыз алып қашу – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс

Президент: Қыз алып қашу – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс
Инстаграм
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте Нұрай есімді қыздың кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты.

Президенттің айтуынша, бұл жағдайға байланысты Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен. Нұрайға күдіктінің ұзақ уақыт бойы маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр.

Ақыры мұның соңы адам өліміне әкеліп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қаласының полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокуратура да бұл мәселені жеке тексереді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қыз алып қашу мен адам ұрлау әрекеттеріне де арнайы тоқталды.

Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды, – деді Президент.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының 17 жастағы студенті зорлықпен тұрмысқа шығаруға әрекет жасалғанын мәлімдеген еді. Полиция  студенттің мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, бұл Шымкенттегі жігіт пен қыз арасындағы қарым-қатынасқа байланысты тергеліп жатқан бірінші қылмыстық іс емес. Бұған дейін 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.

Қыздың өліміне қатысты қылмыстық істің тергеу барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қызметтік тексеру басталды.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар