Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Айгерім Абдрашитова:Ұлттық құрылтайдың соңғы V отырысы Қазақстанның саяси саласындағы институционалды өзгерістерімен ел тарихында қалмақ

Айгерім Абдрашитова:Ұлттық құрылтайдың соңғы V отырысы Қазақстанның саяси саласындағы институционалды өзгерістерімен ел тарихында қалмақ
kyn.kz
Айгерім Абдрашитова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Ұлттық құрылтайдың соңғы V отырысыдағы мәселелерге тоқталды.

Айгерім Абдрашитова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:

Ұлттық құрылтайдың соңғы V отырысы Қазақстанның саяси саласындағы институционалды өзгерістерімен ел тарихында қалмақ. Себебі, біріншіден, екі маңызды қызметті – заң шығару мен халық атынан өкілдік етуді – біріктіретін Парламентке қатысты өзгерістер қандай болады деген сұраққа жауап алынды. Нәтижесінде бірпалаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру, оның құрамын 145 депутаттан және сегіз тұрақты комитеттен қалыптастыру ұсынылды.

Қазақтың саяси-тарихи дәстүрінде құрылтай ұжымдық талқылау, келісімге келу және қабылданған шешімдерді заңдастырумен астасады. Осы атауды кеңесші сипатындағы емес, міндетті заңдар қабылдайтын органға беру ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заманғы өкілді демократиямен ұштастыруға деген ұмтылысты білдіреді. Тарихи атауларды қолдану да әлемдік тәжірибеде кең таралған. Мәселе тек атауды өзгертуде ғана емес. Оның тарихи және символдық мәні түсінікті. Парламентке қатысты айтылған ұсыныстарды тиімділік тұрғысынан қарастырсақ.

Құрылтайдағы заң қабылдаудың жаңа үш кезеңнен тұратын тәртібі ерекше назар аудартады. Ұсынылып отырған модель бойынша заң жобасы алдымен жалпы тұжырымдамалық тұрғыдан мақұлданады (1), одан кейін түзетулер жан-жақты талқыланып, нақтыланады (2), содан соң ғана заң түпкілікті қабылданады (3). Яғни, екіпалаталы жүйедегілей ұзақ бюрократиялық тізбектен өтпейді. Мұндай тәсіл көптеген бірпалаталы парламенттерге тән. Нәтижесінде заң шығару үдерісі шешім қабылдау кезеңдерін нақты бөлу арқылы жеделдейді, ал заңнаманың сапасы мен болжамдылығы басымдыққа ие болады.

Депутаттардың саның 145-пен шектеу ұсынылды. Бірақ Парламент жұмысының тиімділігі депутаттар санына ғана емес, өкілеттіктердің нақты бөлінуіне және заң шығару қызметінің кәсібиленуіне байланысты. Осы контексте президенттік квоты алып тастау Парламенттің институционалдық дербестігін күшейтетін маңызды қадам. Сонымен қатар, әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін квоталардың сақталуы әлеуметтік теңдік мен инклюзивтілікке бағытталған саясатты көрсетеді.

Тағы бір маңызды ұсыныстардың бірі – Парламенттің негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы өкілеттіктерінің кеңеюі. Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылуы ұсынылды. Бұған қоса, депутаттар Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау өкілеттігіне ие болады. Бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, ықпалды Парламенттің рөлін арттырады.

Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесінің құрылуы айтылды. Ескеру керек тұсы оның заң шығару бастамасы құқығына ие болуы. Бұл дегеніміз қоғамдық сұранысты институционалдық деңгейде бекітіп, оны ресми заңнамалық үдерістің бір бөлігіне айналдыруды білдіреді.

Халық кеңесі Парламентті алмастырмайды. Мұндай ұқсас тетіктер әртүрлі елдерде бар. Мысалы, Еуропалық одақ елдеріндегі азаматтық ассамблеялар жұмыс жасайды. Олардың негізгі мақсаты – қоғамдық белсенділікті институционалдық арнаға бағыттау.

Үшіншіден, Құрылтай кезінде жаңа қызмет – вице-президенттің лауазымын енгізу ұсынылды. Әлемдік тәжірибеде бұл институт, ең алдымен, биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін тетік ретінде қолданылады. Әдетте вице-президент өкілдік және үйлестіруші функцияларды атқарып, мемлекет басшысының жүктемесін азайтады және жүйенің болжамдылығын арттырады. Президенттің сөзіне сүйенсек, вице-президенттің қызметі осыған сай келеді. Атап айтқанда, ол елдің мүддесін халықаралық форумдар мен келіссөздерде алға тартып, шетелдік делегациялармен кездесулерге қатысады, Президенттің Парламенттегі өкілі ретінде заң шығару үдерісімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, сондай-ақ отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жүктейтін өзге де міндеттерді атқарады.

Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер заманауи парламентаризмді, ұлттық-тарихи символиканы, қоғамдық қатысудың институционалдандырылған тетіктерін және саяси тұрақтылық механизмдерін өзара ұштастырады. Аталған өзгерістер мен ұсыныстардың қабылдануы жалпыхалықтық референдумге байланысты болатыны есте болу керек.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар