«Бір айлыққа қарап отырмын, басқа табысым жоқ»: Энергетика министрі табысы туралы
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:55
- 55
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәжіліс кулуарында бұған дейін тапсырған табыс декларациясында қандай соманы көрсеткенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Аккенженов табысы туралы сұраққа Мәжіліс кулуарында жауап берді.
«Мен саяси мемлекеттік қызметшімін. Декларацияны заң талаптарына сәйкес тапсырдым. Егер қосымша табыс туралы сұрап отырсаңыз, өткен жылы менің жалғыз табыс көзім — министрлік қызметтегі жалақым. Яғни, қосымша табысым болған жоқ», — деді министр.
Журналистермен әңгіме барысында шенеунік ай сайынғы жалақысының мөлшерін де нақтылады. Аккенженовтің айтуынша, оның айлық табысы шамамен 1,2 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар ол декларацияда заңнамада көзделген сыйақы төлемдері де көрсетілгенін атап өтті.
Жылдық жалпы табыстың көлемі туралы сұраққа министр оның 20 миллион теңгеден сәл асатынын айтты.
Еске салайық, өткен жылдың соңында министрліктер мен Парламенттің ресми сайттарында 2024 жылға арналған декларациялар жарияланған болатын. Қай шенеуніктер қосымша табыстарын көрсеткені және онда қандай сомалар жазылғаны туралы толығырақ сілтеме арқылы оқуға болады.



