2029 жылғы Қысқы Азия ойындары Қазақстанның Алматы қаласында өтеді. Бұл туралы Азия Олимпиадалық кеңесі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Агенттіктің хабарлауынша, бастапқыда бұл жарысты Сауд Арабиясында өткізу жоспарланған болатын.
5 ақпанда OCA мен Қазақстан Милан қаласында (Италия) қабылдаушы қала ретінде келісімшартқа қол қойып, келісімді ресми түрде бекітпек.
Сауд Арабиясы Қысқы Азия ойындарын өткізу құқығын 2022 жылы алған еді. Алайда өткен айда Сауд Арабиясының Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеттері мен Азия Олимпиадалық кеңесі ойындардың белгісіз мерзімге кейінге қалдырылғанын жариялады.
Еске салайық, Қазақстан бұған дейін VII Қысқы Азия ойындарын 2011 жылы қабылдаған. Жарыстар Астана, Алматы қалаларында және Алматы облысында өтті.
Ойындардың ашылу салтанаты 30 қаңтарда елордада өтіп, турнирдің жабылуы 6 ақпанда Алматы қаласында ұйымдастырылды.
VII Қысқы Азия ойындарының тұмары — Ирби атты барыс күшігі болды.
Ашылу салтанаты Астанада өтті, оны ұйымдастырумен ресейлік компания айналысты және дайындыққа шамамен екі жыл кетті. Бұл қазақстандықтар үшін ауқымы мен шығыны жағынан бұрын-соңды болмаған көрініс болды. Ашылу және жабылу салтанаттарына ғана республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді. Ал жалпы Азиаданың шығыны 35 миллиард теңгені құрады.
VII Қысқы Азия ойындарына әлемнің 27 елінен 1000-нан астам спортшы қатысты.
11 спорт түрі бойынша 69 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 70 медальмен (32 алтын, 21 күміс және 17 қола) бірінші орынға ие болды. Екінші орынды 54 медальмен Жапония иеленсе, үшінші орын 38 медальмен Оңтүстік Корея құрамасына бұйырды.




