Боксшы Еркебұлан Шынәлиев Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нойстың өзіне қару тақап, қорқытқанын мәлімдеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:30
- 38
Бокстан Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиев өзіне жасалған қастандық туралы айтып, қазақ елінен көмек сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Иманәлиев Нұржан, Мұқашев Шыңғыс өздерін жаттықтыруын сұраған. Кейіннен арада уақыт өткен соң, біреуге қастандық жасауды өтініпті.
«Мені 2025 жылы мамыр айында Иманәлиев Нұржан, Мұқашев Шыңғыс деген екі азамат Ыстамбұлға бапкерлік қызметпен шақырды, солардың үйінде он күндей тұрып, жаттықтыру жасап жүрдім. Он күндей болып, қайттым. Одан кейін елге қайтып келгенімде маған Шыңғыс Мұқашев деген жігіт бірнеше рет хабарласып, “маған бір-екі азаматты “сындыру” керек, осынша ақша беремін, барынша аяқ-қолын сындыру керек” деген біраз іс-әрекетті айтты. 3-4 рет сондай хабарлар түсті. Сөйтіп мені 2026 жылы қаңтар айында Ыстамбұл қаласына тағы шақырды. Жаттықтырушылық жұмыспен ақылдасатын нәрселер бар деді. Қаңтар айында ұшып бардым, мені күтіп алды, – дейді боксшы.
Спортшы өзінің біреуді ұрып-соқпайтынын айтып, олардың ұсыныстарынан бас тартқан. Алайда, Стамбулға тағы бір рет барғанында боксшыны орманға апарып, тапаншамен қорқытқан.
«Сөйтіп мені Ыстамбұлдан 150-200 шақырым жердегі ну ормандағы ғимаратқа апарып, маған бір қағаздарды көрсетіп, ҰҚК адамымын деп мойындайсың деп барынша жалған ақпараттың бәрін айтқызды. Менің басыма тапанша тақап қойды. Мен сасқанымнан, қорыққанымнан не айтып, не істегенімді білмеймін. Мені видеоға түсіріп, үндеу жасатты. Қасында біраз сақалды жігіттер болды, Қырғызстан азаматтары болды. Біраз қылмыс істеп сол жаққа қашқан жігіттерді сол жерде көрдім. Кейін елге аман-есен оралдым», – дейді боксшы.
Еркебұлан Шынәлиевтің айтуынша, олардың мұндай әрекетке баруына Түркия елінен саяси баспана сұрағандары себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, ол ҚР Бас прокуроры, ІІМ-нен осы екі азаматқа заң жүзінде қылмыстық іс қозғауды сұрады.




