«Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі — халық екені айқын көрсетілген»: Өзбекстанның ғылыми қызметкері жаңа Конституциялық жоба туралы
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:40
- 37
Өзбекстанның белсенді ғылыми қызметкері Амирулло Тухлибоев ҚР-дағы жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар жөнінде өз пікірін жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Амирулло Тухлибоев еліміздегі жаңа Конституциялық жоба Өзбекстан Республикасының жаңартылған Конституциясымен тұжырымдамалық тұрғыдан үндесуі екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда Орталық Азия өңірінде мемлекеттік басқаруды жаңғырту және демократиялық реформаларды тереңдету үдерісі жаңа кезеңге қадам басты. Осы тұрғыда көршілес Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар ерекше маңызға ие.
Атап айтқанда, 2026 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы кең жұртшылық назарына ұсынылды.
Аталған жобаның ең назар аударарлық қыры — оның көптеген бағыттар бойынша Өзбекстан Республикасының жаңартылған Конституциясымен тұжырымдамалық тұрғыдан үндесуі. Мұның өзі өңірлік құқықтық интеграцияны одан әрі дамыту үшін қолайлы негіз қалыптастыратынын сеніммен айтуға мүмкіндік береді.
Бұл тұжырымның негізі — Конституцияның үстемдігі мен оның тікелей қолданылу қағидаттарының екі құжатта да іс жүзінде бірдей бекітілуі. Мемлекет егемен, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы республика ретінде жарияланған. Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі — халық екені айқын көрсетілген.
Сонымен қатар, екі құжатта да адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Кінәсіздік презумпциясы, азаптауға және қатыгез, адамдық қадір-қасиетті қорлайтын әрекеттерге тыйым салу, заң алдындағы теңдік, сондай-ақ экологиялық құқықтарға қатысты нормалар сабақтастық пен үйлесімділікті айқын көрсетеді.
Қазіргі заманда адам құқықтары тек физикалық кеңістікте ғана емес, цифрлық кеңістікте де қорғалуы тиіс. Ұсынылып отырған жобада цифрлық шынайылық конституциялық кепілдіктердің ажырамас бөлігі ретінде айқындалған. Бұл дербес деректердің қол сұғылмаушылығы мен интернет желісіне еркін қол жеткізу құқығы сияқты «жаңа буын» құқықтарын конституциялық деңгейде тануды білдіреді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Конституциясының жобасында билік құрылымына жоғарғы заң шығарушы орган ретінде бір палаталы Құрылтайды енгізу, сондай-ақ заң шығару бастамасы құқығына ие консультативтік орган — Қазақстанның Халық Кеңесін құру көзделген. Біздің пікірімізше, бұл қадам билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған назар аударарлық тәжірибе болып табылады және көршілес мемлекеттер үшін үлгі бола алады», - деп жазды ол.




