Секундына 50 текше метр су: Арал теңізіне су келіп жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:11
- 53
Солтүстік Аралға су қайта құйылып жатыр. Қазір Ақлақ су торабынан секундына 50 текше метр су келген. Жыл соңына дейін қорғаныс бөгеті нығайтылып, теңізді сақтау жобасының жаңа кезеңі басталмақ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Аlmaty.tv арнасына cілтеме жасап.
Қазір теңіз деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Жергілікті тұрғын Әзімбай Жолмырзаевтың айтуынша, су тұздылығы өзгеріп, балықтың тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптаса бастаған.
Қаратерең ауылының тұрғыны су келуі тұрақты жалғасса, балық шаруашылығы жандана түсетініне сенімді.
"200-ге жуық отбасы тұратын ауыл халқының әл-ауқаты теңізге тікелей тәуелді", – деді Бөген ауылының тұрғыны Төрехан Ділжанов.
Мамандардың мәліметінше, Кіші Аралда жыл сайын 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Көрсеткіш теңізді сақтау бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесі. 2022 жылы Көкарал бөгетін қайта жаңғырту басталған. Жөндеу аяқталған соң теңізге суды тұрақты жеткізу мүмкіндігі артады.
Сала өкілдерінің пікірінше, Орталық Азия елдері арасындағы су бөлу жөніндегі келісім де оң әсерін тигізіп отыр.
"Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің кездесуінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның су ресурстары министрлері қол қойған келісімнің пайдасы зор болды. Сол кезде келетін су көлемін мемлекеттер арасында тең бөлу туралы шешім қабылданған. Қазір біз өзімізге тиесілі лимитті толық пайдаланып отырмыз", – деді "Қызылорда сушар" өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.


