Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қыз зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының экс-басшысы қызметтік пәтерге таласып жатыр

Қыз зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының экс-басшысы қызметтік пәтерге таласып жатыр
Сурет: facebook.com/Марат Күштібаев
Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев Жетісу облысы полиция департаментін сотқа берді.

11 жылға сотталған Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаев колонияда отырып өзіне берілген қызметтік пәтер үшін Жетісу облысы полиция департаментін сотқа берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтемt жасап. 

Кеңседе қыз зорлады деп сотталған Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев колонияда отырып өкілі арқылы Жетісу облысы полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап-арыз түсірді.

Оның шағым түсіруінің себебі – өзіне берілген Болашақ шағынауданындағы қызметтік пәтер. Күштібаевтың отбасы бұл үйде 2016 жылдан бері тұрып келеді. Бұрынғы полиция басшысы 2023 жылдан бері тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапорты қаралмағанын айтып, департаменттің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды талап еткен. Сонымен қатар оның жұбайы полиция департаментіне отбасын пәтерден шығару туралы бастама көтеруге тыйым салуды сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, қызметтік пәтерде қазір экс-полицейдің жұбайы мен үш баласы тұрады.

Күштібаев пәтерді қалай алды?

2016 жылдың қараша айында жергілікті атқарушы орган Марат Күштібаев пен оның отбасына “тұрғын үйге мұқтаж” ретінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер берген.

2023 жылдың ақпанында баспана полиция департаментінің балансына өткізілді, ал тамыз айында Күштібаев қызметтік пәтерді жалға алу туралы келісімшарт жасасты.

2023 жылы 25 тамызда ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Құжат тіркелгенімен, 2025 жылдың қарашасында сотқа талап-арыз берілгенге дейін қаралмаған.

Көп ұзамай Марат Күштібаев “мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық” жасағаны үшін қызметінен босатылды. 2023 жылдың қараша айында ол өз қызметтік кабинетінде қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Ал 2024 жылы сәуірде сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Іс-материалында не жазылған?

Сотта Күштібаев адвокаты оның құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет еткенін атап өтті. Оның сөзінше, теріс себептермен жұмыстан босату тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартуға негізі бола алмайды. 

Сонымен қатар талап-арызда отбасының пәтерде күрделі жөндеу жұмысын жасағаны көрсетілген. Іс-материалында қызметтік тұрғын үй 2016 жылы жергілікті атқарушы орган тарапынан талапкерге берілгендіктен, оны ведомстволық деп есептеуге болмайды және ол жекешелендіруге жататын пәтер болып саналады деп жазылған. Сондай-ақ құқық қорғау органдарынан теріс себеппен жұмыстан босату да тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартудың негізі емес, бұл тұрғын үй заңнамасында қарастырылмаған делінген құжатта. 

Дегенмен Жетісу облысы полиция департаменті пәтердің қызметтік тұрғын үй мәртебесіне ие екенін, ал Күштібаев енді органдарда жұмыс істемейтінін алға тартты. Ведомство бұл баспананы қызметін жалғастырып жүрген қызметкерлер қорына қайтару керек деп есептейді.

“Талапкер қазір департамент қызметкері болмағандықтан, арыз қанағаттандырылмауы тиіс деп санаймыз. Ведомствоның көптеген қызметкерлері тұрғын үйге мұқтаж”, – деді полиция департаментінің өкілі сотта.

Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің және әкімдіктің өкілдері сотта істі шешуді соттың қарауына қалдыратынын айтты. Сондай-ақ Kezekte.kz біртұтас кезекшілер есебі жүйесі бойынша Күштібаев тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде тіркелмеген.

Жетісу облысының арнайы ауданаралық әкімшілік соты сотталушының пайдасына шешім шығарды. Сот Күштібаевтың рапортын екі жылдан астам уақыт қарамаған департаментті заң бұзды деп таныды.

“Сот Жетісу облысы полиция департаментінің 2023 жылы 25 тамызда Марат Әлімқұлұлы Күштібаевтың тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарамау әрекетін заңсыз деп таныды. Сондай-ақ полиция департаментіне рапортты тұрғын үй комиссиясында қарауды міндеттеді. Сот тараптардың теріс себеппен құқық қорғау органдарынан босатылған тұлғаның тұрғын үйді жекешелендіру заңдылығы немесе заңсыздығы туралы пікірлерін қарауға кірмейді. Мұндай қорытынды жасау тұрғын үй комиссиясының шешімі болмағандықтан, әлі ерте”, – делінген 2025 жылғы 28 қарашадағы сот шешімінде.

Сонымен қатыр Марат Күштібаев пен оның жұбайы сот арқылы полиция департаментіне пәтерден шығару туралы арыз бастауға тыйым салғызуға тырысып бақты.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар