Алматыда бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов екі айға қамауға алынды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 20:02
- 27
Алматы соты бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовты екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді. Бұл жөнінде оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов «Власть» басылымына хабарлаған.
Қорғаушының айтуынша, сот үйқамаққа алу туралы өтінішті қанағаттандырмаған. Нұрпейісов бұл шешімге апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған. Сол кезде Алматының әкімшілік соты оны есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамаған болатын.
23 ақпанда әкімшілік қамау мерзімі аяқталғаннан кейін ол тергеушіге жеткізілген. Адвокаттың сөзінше, Воронцовқа Қылмыстық кодекстің 302-бабы (есірткі заттарын тұтынуға арналған орын ұйымдастыру) және 296-бабы (өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау) бойынша күдік тағылған.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұған дейін есірткі қолдануға арналған орын ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған еді.
Еске сала кетейік, Воронцов бұған дейін саяси ұстанымын ашық білдіргені үшін діни қызметінен айырылған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынап, Қазақстанда дербес православ шіркеуін құру бастамасын көтерген болатын.



