Алматыда экс-әкімнің жиені халықаралық есірткі тасымалын ұйымдастырды деген күдікке ілінді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:49
- 49
Алматыда Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың жиені Жамалбек Бекдәулет ұсталды. Ол халықаралық есірткі тасымалын ұйымдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Polites.news жазды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті халықаралық арналар арқылы есірткі жеткізу схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Жетісу кеден бекеті» арқылы өткен халықаралық пошта жөнелтілімін тексеру кезінде Таиландтан келген сәлемдемеден өзіне тән иісі бар сұйық зат табылған.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат каннабис экстракты, яғни гашиш майы болып шыққан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, есірткіні жеткізуді ұйымдастырған негізгі тұлға — Алматы қаласының тұрғыны Жамалбек Бекдәулет.
Құқық қорғау органдарының болжамынша, тыйым салынған заттар халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы, арадағы делдалдар мен қылмыстық мақсаттан бейхабар үшінші тұлғаларды пайдалану жолымен тасымалданған.
Қылмыстық істі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Қазіргі таңда күдіктіге есірткі құралдарының контрабандасы мен заңсыз айналымын ұйымдастыру дерегі бойынша айып тағу мәселесі қаралып жатыр.
Айта кетейік, Амалбек Тшанов 1990-жылдары бірқатар мемлекеттік қызметтер атқарған, Жамбыл облысының әкімі болған, сондай-ақ құрылыс министрі қызметін атқарып, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты болған. Соңғы жылдары ол белсенді саяси қызметпен айналыспайды.




