Щучинск қаласында болған жарылыстан кейін зардап шеккендерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, «Авиценна — Бурабай» ауруханасында төрт науқас ем қабылдауда. Олардың барлығының жағдайы ауыр деп бағаланған.
Қалған зардап шеккендер көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп отыр. Науқастардың төртеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, тағы екеуінің жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр.
Аймаққа Астанадан арнайы мамандар, оның ішінде анестезиолог-реаниматологтар келген.
Нариман Ермек медициналық мекемелерде қажетті дәрі-дәрмек пен шығын материалдары жеткілікті екенін атап өтті.
Бұған дейін жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің бес отбасына несие мәселесі бойынша көмек көрсетілетіні хабарланған еді.




