Айбек Дәдебай: Референдум – ел болашағын айқындайтын тарихи қадам
- автор kyn.kz
- Бүгін, 17:35
- 56
Жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты өтетін референдумға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы референдумның еліміз үшін де, барлық азаматтар үшін де маңызы айрықша. Сондықтан құқықтық рәсімдердің толық сақталуы мен заң талаптарының қатаң орындалуы басты назарда тұр. Бұл ретте Орталық референдум комиссиясы ерекше жауапкершілік жүктелмек.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар дауыс беру процесін сапалы ұйымдастыруға міндетті. Атап айтқанда, сайлау учаскелерін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, олардың үздіксіз жұмыс істеуін үйлестіру және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау негізгі басымдықтардың қатарында.
Айбек Дәдебай Мемлекет басшысының жаңа Конституция жобасын әзірлеу ісіне тікелей әрі белсенді араласқанын атап өтті. Оның сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев құжат мәтінімен жұмысқа арнайы уақыт бөліп, азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстарды жеке өзі зерделеген.
Президент негізгі заңның кіріспесі мен баптарын дайындау барысында кеңесшілер және сарапшылармен жүйелі түрде жұмыс жүргізген. Соңғы жарты жыл ішінде апта сайын, кейде одан да жиі Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы және Конституциялық комиссия мүшелерімен кездесулер өткізген. Кейбір отырыстар бір сағаттан астам уақытқа созылған.
Бұл деректер Конституция жобасын әзірлеу жұмыстарының жоғары қарқынмен және тиянақты жүргізілгенін аңғартады. Сарапшылардың пікірінше, алдағы референдум елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезең болмақ.


